Маңғыстау облысы бойынша Қаржы мониторингі департаменті "Өзен машиностроительный завод" серіктестігінің басшылығына қатысты тергеуді аяқтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жаңаөзендегі тұрғын үй құрылысына ақша жинаған компания 303 млн теңгені жымқырған.
Тергеу компанияның 2 жыл бойы Жаңаөзендегі "Astana Rich Village" тұрғын үй кешенін құрылысқа рұқсатсыз жүргізіп, азаматтардан заңсыз ақша жинағанын анықтады.
Компания интернетте төмен бағамен пәтер сатылатынын жарнамалап, 23 адаммен алдын ала келісімшарт жасаған. Осылайша 303 млн теңгеден астам қаржы жиналған. Бірақ бұл қаражат құрылыс материалдарына жұмсалды деген желеумен қолма-қол алынып, іс жүзінде басшылардың жеке қажетіне кеткен.
Үй құрылысы аяқталмаған күйінде қалды. Залалды өтеу үшін соттың санкциясымен күдіктілердің мүлкіне толықтай тыйым салынды.
Қазіргі уақытта бір күдікті қамауға алынды, екіншісі кепілмен босатылған.