Жаңаөзен қаласына жақын маңдағы "Өзен" кен орны аумағында адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға 26 қаңтар күні кешкі сағат 19:00 шамасында Маңғыстау облысы Қарақия ауданына қарасты өндірістік аймақта болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, Mitsubishi L-200 маркалы жол талғамайтын көліктің жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, қарсы бағытта келе жатқан SHACMAN жүк көлігімен соқтығысқан.
Соқтығыс салдарынан жол талғамайтын көлікте отырған жолаушы оқиға орнында жан тапсырды. Ал түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған жүргізуші шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізіліп, ауруханаға жатқызылды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Бұл норма жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан жағдайларды қамтиды.
Қазіргі уақытта оқиғаның себеп-салдарын жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.