banner

Жаңаөзенде жаттықтырушыны жұмыстан шығарды

961

Ол бейнеүндеу жазып, өзінің әрекетін түсіндірді.

Жаңаөзенде жаттықтырушыны жұмыстан шығарды

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында оқушы қыз баланы бетінен ұрып жібергені үшін жұмыстан шығарылған жаттықтырушы Азамат Тұрмағамбетов бейнеүндеу жолдады. Онда ол: "Сырт көзге шапалақ сияқты көрінгенмен бұл шындығында олай емес. №6 нөмірлі ойыншы топтың көшбасшысы саналады, сол себепті мен оны белсенді әрекет етуге итермелеп, топқа жан бітіргім келді", - деп түсіндіреді.

Белгілі болғандай, аталған волейбол тобы көптеген жетістіктерге жетіп, алдыңғы қатардан көрініп келе жатқан спорт тобы екен. Сондай-ақ, ата-аналар өз тарапынан жаттықтырушыға ешқандай реніштері жоқ екенін жеткізген.

Оқиға 14 желтоқсан күні "Маңғыстау-5" селосындағы спорт кешенінде болған. Қаладағы №3 мектепте дене тәрбиесінен сабақ беретін және қыздар волейбол командасының жаттықтырушысы болып жасайтын мұғалімнің балалармен жұмыс істеп жатқанын, қыз баланы бетінен бірнеше рет шапалақпен тартып жібергенін оқушылардың бірінің ата-анасы ұялы телефонға түсіріп алады. Кейін облыстық дене мәдениет және спорт басқармасы бұл дерекке қатысты арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеген-ді. Сөйтіп, жаттықтырушы өзі жұмыс жасайтын жердегі мектеп директорының бұйрығымен жұмыстан шығарылды. Сонымен қатар, Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің басшысы Ысқақ Құлатай мектеп басшысының да жазаға тартылғанын хабарлап отыр.

"Мұндай шаралар алдын ала қалалық білім бөлімімен келісілуге тиіс. Бірақ, сол күні оқушылар сабақ кезінде рұқсатсыз кетіп қалған. Сондықтан, директор, әсіресе, пандемия кезінде жағдайды бақылауға алмағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - дейді ол. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу