Жанар-жағармай бағасы бір жылда 3%-ға өсті

544

Дизель отыны 14%-ға қымбаттады.  

Жанар-жағармай бағасы бір жылда 3%-ға өсті Фото: egemen.kz

Жеке көлік құралдарына арналған жанар-жағармай материалдарының бағасы бір жылда 3%-ға өсті, деп жазады inbusiness.kz Energyprom.kz порталына сілтеме жасап.

2022 жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша жеке көлік құралдарына арналған жанар-жағармай материалдарының бағасы бір айда 0,3%-ға, бір жылда 2,5%-ға артты.

Ай сайынғы өсім Ақтөбе (+6,1%), Маңғыстау (+0,7%), Атырау және Қостанай (әр өңірде +0,3%) облыстарында тіркелді. Республиканың 9 өңірінде бағалар өткен ай деңгейінде қалды. Жетісу, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында жанар-жағармайдың құны төмендеді.

Шығыс Қазақстан облысында жанар-жағармайдың ең жоғары жылдық баға өсімі байқалды (+7,7%). Антилидерлер қатарында Ақтөбе (+7,5%) және Қостанай (+7,3%) облыстары бар. Алматы облысында бағалар өткен жылдың деңгейінде қалды. Жамбыл, Ұлытау және Түркістан облыстарында, Шымкентте бағаның шамалы төмендеуі байқалды.

Ресурстың жазуынша, бензин бір жылда 0,3%-ға арзандаған. АИ-92 маркалы бензин бағасы 0,7%-ға төмендесе, АИ-98, АИ-95/АИ-96 маркалы жанармай 0,7% және 1,8%-ға қымбаттады. Дизель отынының бағасы бір жылда 14,2%-ға көтерілді.

Былтыр желтоқсан айында бензиннің бөлшек сауда бағасы АИ-92 маркалы жанармайдың литрі үшін 179 тг, АИ-95/АИ-96 – 212 тг, АИ-98 – 234 тг болды. Республикада жазғы дизель отынының литрі орташа есеппен 238 тг болса, қысқы дизель отыны – 586 тг.

Өткен жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша республикада 4,4 миллион жеңіл автокөлік бар. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 15,7%-ға артық.

Автомобильдердің негізі бөлігі - Алматы облысында (541,5 мың), Алматыда (514,9 мың) және ШҚО-да (322,9 мың) тіркелген.

3,7 млн көлік бензинмен жүрді. 325,2 мың автокөлік дизель отынын, 313,9 мыңы аралас отынды, 9,9 мыңы газ-балон отынын, 577-сі электр отынын пайдаланды. Тіркелген 80 мың жеңіл көліктің қандай отын түрін пайдаланатыны көрсетілмеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу