Тағы бір көршілес елде жанармай тапшылығы басталды

536

Ресми Бішкек Қазақстаннан бензин жеткізуге көмектесуді сұрап отыр.  

Тағы бір көршілес елде жанармай тапшылығы басталды Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қырғыз билігі елдегі бензин тапшылығы мен Ресей импортына тәуелділікке байланысты Қазақстаннан және тағы 5 мемлекеттен жанар-жағармайдың тұрақты жеткізілуіне қолдау көрсетуді сұрады, деп жазады inbusiness.kz сайты Қырғыз Республикасының Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.

Қырғыз Республикасының Энергетика министрлігі ресми сауалдарды Қазақстан, Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Өзбекстан және Түрікменстанның тиісті органдарына жолдады. Сонымен қатар билік жанармай жеткізу бағыттарын әртараптандыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.

Министрліктің мәліметінше, Қырғыз Республикасы мұнай өнімдерінің шамамен 90-95 пайызын Ресейден импорттайды. Сондықтан әлемдік энергетика нарығындағы өзгерістер, геосаяси ахуал және логистикалық қиындықтар елдің ішкі жанармай нарығына тікелей әсер етеді.

Энергетика министрлігі қолданыстағы келісімшарттар бойынша жеткілікті жанармай қоры бар екенін мәлімдегенімен, елдегі бірқатар жанармай құю бекеттерінде АИ-95 және АИ-98 маркалы бензин тапшы.

Жағдайды тұрақтандыру үшін Қырғыз Министрлер кабинеті 25 мамырдан бастап жанармайды тасымалдаумен және сатумен айналысатын компанияларға субсидия енгізді. Бұл шара 30 қыркүйекке дейін күшінде болмақ.

Сонымен қатар билік отандық өндірісті ұлғайтуға басымдық беріп отыр. "Джунда" мұнай өңдеу зауытына ай сайынғы жанармай өндірісін қазіргі 24 мың тоннадан жыл соңына дейін 50 мың тоннаға жеткізу тапсырылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар жанармай нарығындағы жағдайды күн сайын бақылап, мұнай трейдерлерімен жеткізу, логистика, баға белгілеу және қор қалыптастыру мәселелері бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу