Қаржы министрі Мәди Тәкиев Өзбекстанмен шекарадағы "Жібек жолы" өткізу пункті жаңғыртудан өтіп, таяуда пайдалануға берілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәди Тәкиевтің айтуынша, бүгінгі таңда бірнеше кеден пункттерінде инфрақұрылым жаңартылған.
"Мысалы, осы айда "Жібек жолы" пунктін бітіреміз. Ол біздің бетке ұстар пункт болады. Күніне 70 мың адамға дейін өтіп, 200 автобус, 3 мыңдай жеке көлік жүре алады. Бүгінгі таңда Өзбекстанмен мейрамдар алдында өте көп ақпарат алмасамыз. Мысалы, бүгінде бір пунктінің өзінде мерекелер алдында 45 мың адамға дейін өте алады. Сондықтан біз кеден бекеттерін жаңғыртып жатырмыз. Былтыр "Қапланбек", "Атамекен" пункттерін жаңғырттық. Былтырмен салыстырғанда осы тоғыз айдың ішінде 650 мыңға жуық автокөлік өтті", – деді министр Құрылтайда өткен брифингте.
Айта кету керек, бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан кеден саласындағы ынтымақтастықты нығайтатынын жазғанбыз.