Жапония Қазақстаннан жылқы етін сатып алады

1476

АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті өз өнімдерін экспорттауға дайын қазақстандық кәсіпорындардың тізімін жасады.

Жапония Қазақстаннан жылқы етін сатып алады

Ауыл шаруашылығы министрлігі қазақстандық жылқы мен жылқы етін экспорттау үшін Жапония нарығын ашты, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Министрліктің айтуынша, бұл келісімге қол жеткізу үшін АШМ ұзақ уақыт жүйелі жұмыс жүргізген. Шетелдік әріптестерге алғашқы сұрау хат Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің атынан 2018 жылы жолданыпты. Онда қазақстандық фермерлер мен кәсіпкерлер Жапонияға жылқы етін жеткізуге мүдделі екені айтылған болатын.

"Ұзақ келіссөздердің нәтижесінде Жапония елінің Ауыл, орман және балық шаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасынан жылқыларды сою және қайта өңдеу кезінде алынған ет, ет шикізаты мен субөнімдерді Жапонияға экспорттауға ветеринарлық сертификат берді",– дейді АШМ-нен.

2020 жылдың 25 мамырынан бастап экспорттың ашылуы туралы ресми хабарлама жіберілген. Осыдан соң Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті өз өнімдерін экспорттауға дайын қазақстандық кәсіпорындардың тізімін жасап, дайындыққа кірісті.

"Ет одағы, "Атамекен" ҰКП және комитеттің облыстық аумақтық инспекциялары арқылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жіберілген сұранымға 34 отандық кәсіпорын өздерінің келісімін берді. Олар туралы ақпарат жақында жапон тарапына берілді",– деп хабарлады ведомстводан.

АШМ мәліметіне сүйенсек, Жапония бізден жылқының етін ғана емес, оны тірілей де алғысы бар.

Айта кетсек, осы уақытқа дейін Жапонияға жылқы етін негізгі экспорттаушы ел – Канада болып келді. Күншығыс елінде жылқы еті ежелден шикі түрде пайдаланылады және деликатес болып саналады. Жоғары дәмдік сапасы үшін қабырғадан алынған ет ерекше бағаланады. Жылқы етінен суши мен сашими ет кесектері дайындалады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу