Жапонияда 42 жыл бұрынғы кісі өлтіру ісі қайта қаралады

225

Кезекті сот процесі Оцу округтік сотында өтеді.

Жапонияда 42 жыл бұрынғы кісі өлтіру ісі қайта қаралады Фото: 24.kg

Жапонияның Жоғарғы соты батыстағы Сига префектурасында 1984 жылы жасалған қылмыс бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеу кезінде қайтыс болған ер адамның ісін қайта қарау туралы апелляциялық сот шешімін күшінде қалдырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

24 ақпан күні судья Окамура Кадзуми төрағалық еткен Жоғарғы соттың екінші шағын алқасы прокуратураның арнайы апелляциясын бірауыздан қабылдамады. Бұрын прокурор қызметін атқарған судья Миура Мамору істі қарауға қатыспады.

Сакахара Хироми 2011 жылғы наурызда 75 жасында көз жұмды. Ол өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген болатын.  Оның туыстары істі қайта қарау туралы өтініш берген. Бұл – соғыстан кейінгі Жапонияда бұрын өмір бойына немесе одан да ауыр жазаға кесіліп, үкімі заңды күшіне енген айыпталушы қайтыс болғаннан кейін ісі қайта қаралуға жіберілген алғашқы жағдай. 

Қылмыс 1984 жылдың желтоқсанында Сига префектурасындағы Хино қаласында жасалған. Белгісіз біреу 69 жастағы шарап дүкенінің иесін өлтіріп, дүкендегі сейфін ұрлап кеткен. 1988 жылы дүкеннің тұрақты келушісі болған Сакахара осы іске қатысы бар деген күдікпен ұсталған. Тергеу барысында ол кінәсін мойындағанымен, сотта бұл қылмысқа қатысы жоқ екенін айтқан. 2000 жылы үкім заңды күшіне енді. Бұл істе тікелей айғақ болатын заттай дәлелдер болмаған.

Екінші рет берілген өтініш кезінде прокуратура сейф табылған жерден түсірілген жаңа деректерді анықтады. 2018 жылы Оцу округтік соты істі қайта қарау туралы шешім қабылдады. 2023 жылы Осака апелляциялық соты бұл бастаманы қолдады. Прокуратура Жоғарғы сотқа арнайы апелляция бергенімен, бірақ ол қанағаттандырылмады. 

Кезекті сот процесі Оцу округтік сотында өтеді. Ол ақтау үкімімен аяқталуы мүмкін деп күтілуде.

Үкімет парламент сессиясында Қылмыстық іс жүргізу кодексіне прокуратураның істерді қайта қарау туралы шешімдерге шағымдану құқығын сақтап қалуды көздейтін түзетулер енгізуді жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу