Жапония парламентінің төменгі палатасына өткен мерзімінен бұрынғы сайлауда премьер-министр Санаэ Такаичи басқаратын Либералды-демократиялық партия жеңіске жетті. Бұл туралы NHK телеарнасы экзитпол деректеріне сүйене отырып жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Reuters агенттігінің ақпаратына сәйкес, Либералды-демократиялық партия парламенттегі 465 орынның 316-сын алған. Бұл партия тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болып саналады. Сондай-ақ үкіметті басқаратын 64 жастағы Санаэ Такаичи үшін де үлкен жеңіс. Осылайша Либералды-демократиялық партия Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі кезеңде Жапонияда осындай ірі табысқа жеткен тұңғыш партия атанды.
Бұл ретте оппозициялық реформалар альянсы жеңіліс тапты, олар сайлауға дейін иеленген 172 орынның жартысынан астамынан айырылды. Аталмыш партияның тең төрағасы Ёсихико Нода жеңіліс үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, отставкаға кетуге дайын екенін айтты.
Кезектен тыс сайлауға барлығы 1284 кандидат қатысқан. Олар бірмандатты округтер бойынша дауыс беру арқылы анықталатын 289 орын мен партиялық тізім арқылы бөлінетін 176 мандат үшін таласты.
Жапонияның тұңғыш әйел премьер-министрі Санаэ Такаичи өткен жылдың аяғында кезектен тыс парламент сайлауын өткізу бастамасын көтерген болатын. 64 жастағы Санаэ Такаичи 2025 жылдың қазан айында премьер-министр атанды. Ол оңшыл көзқарастарымен танымал. Санаэ Такаичи қатаң консерватор, ұлтшыл саясаткер және бұрынғы премьер-министр Синдзо Абэнің саяси мұрагері деп саналады. Бұған дейін ол екі рет ішкі істер және коммуникациялар министрі болды.