Бүгінгі таңда өңірлердің мәліметі бойынша техниканың дайындық деңгейі шамамен 80% құрайды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгінгі таңда өңірлердің мәліметі бойынша техниканың дайындық деңгейі шамамен 80% құрайды, жаппай егіс жұмыстары басталғанға дейін техника 100% дайын болады. Әкімдіктерге техниканы жөндеу жұмыстарын күшейтіп, машина-трактор шеберханаларының тиісті жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. 2025 жылдың қорытындысы бойынша,мемлекеттік қолдау шараларының арқасында,шаруалар шамамен 25 мың бірлік техника сатып алып, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі 6,5%-ға дейін жетті", – деді Айдарбек Сапаров.
Техниканың жұмыс кезінде тоқтап қалмауы үшін, елде 70-тен астам сервистік орталық жұмыс істейді.
"Бір жылдың ішінде техника өндірісі 22%-ға өсті. Биыл машина-трактор паркін жаңарту деңгейін 8%-ға дейін жеткізу тапсырмасын орындау мақсатында, өндіріс көлемін 9,9 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы, ауыл шаруашылығы құралымдарында 139 мың трактор, шамамен 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені, 70 мың сепкіш, 141 мың топырақ өңдеу құралы бар", – деп атап өтті ведомство басшысы.