"Жәрдем" медициналық пойызының жұмысы Ақтөбе облысында жалғасты

675

"Жәрдем" мамандандырылған медициналық пойызы 29 маусымнан бастап Ақтөбе облысының шалғайдағы станциялары мен оларға жақын орналасқан елдімекендердің тұрғындарын тегін медициналық тексеруден өткізеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Жәрдем" медициналық пойызының жұмысы Ақтөбе облысында жалғасты

 

29-30 маусым Ноғайты, 1-2 шілде Қарашоқат, 3-4 шілде Бегімбет, 5-6 шілде Қотыртас, 7-8 шілде Бершүгір, 9-10 шілде Мұғалжар, 11-12 шілде Жұрын, 13-14 шілде Ақкемер, 15-16 шілде Әйтеке би, 17-18 шілде Никельтау, 19-20 шілде Кемпірсай, 21-22 шілде Мартұқ станциясында таңғы 09.00-ден бастап кешкі 18.00-ге дейін медициналық пойыздың мамандары қабылдайды.

Айта кетейік, "Жәрдем" медициналық пойызы 23 мамырда Алматы-2 станциясынан Маңғыстау облысына жолға шығып, кейін Атырау облысына барды. Жобаның басты мақсаты – еліміздегі сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алмай отырған шалғайда жатқан станциялар мен оларға жақын орналасқан елдімекендердің тұрғындарын тегін медициналық тексеруден өткізу.

Атырау облысындағы дәрігерлік тексерулердің статистикасы мынадай: дәрігерлік қаралулар саны – 9 532. Атап айтқанда, ең көп өтініш ЖПД, терапевт, педиатрға келіп түсті – 1 165 пациент, бұдан әрі офтальмолог – 924 пациент, сондай-ақ невропатолог – 894  пациент, хирург – 831 пациент және уролог – 745 пациент. Пойыз дәрігерлері барлығы 767 ЭКГ, 841 УДЗ және 833 флюорография процедураларын өткізді. Сонымен қатар 57 кіші хирургиялық операция, яғни пойыз дәрігерлері 57 баланы сүндетке отырғызды.

Дәрігерлер Атырау облысында жиі кездесетін ауруларды атады: қант диабеті, омыртқаның остеохондрозы, вирустық конъюнктивит, артрит, артроз, бронх демікпесі, гастрит, панкреатит, холецистит, синусит, бронхит сияқты созылмалы аурулар.

"Жәрдем" медициналық пойызы енді кестеге сәйкес Ақтөбе облысының 12 станциясына барады. Онда 21 шілдеге дейін болып, шалғай бекеттердегі жергілікті тұрғындарға қажет медициналық көмек тегін көрсетіледі. "29 маусымда Ноғайты станциясынан бастап, таңғы сағат 09:00-дан халықты қабылдаймыз", – деді "Жәрдем" медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева.

20 маусымда "Саламатты Қазақстан" екінші медициналық пойызы іске қосылды. Кесте бойынша медициналық пойыз мамандары Малайсары станциясында жұмысын жалғастыруда. Жұмысын Алматы облысынан бастаған пойыз одан әрі Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағанды, Жетісу, Ұлытау, Абай облыстарына барады. Сонымен қатар қос медициналық пойыз еліміздің шалғай аудандарындағы 147 станцияны қамтиды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу