Жарықтың жиі өшуіне тұрғындар шағымдануда

787

Мегаполис қала – Алматының іргесіндегі Қарасай ауданындағы Жібек Жолы ауылы тұрғындарының жарықтың жиі өшетінін айтып шағымдануда.           

Жарықтың жиі өшуіне тұрғындар шағымдануда Фото: old.aqmeshit-aptalygy.kz

Тұрғындардың айтуынша, жел тұрып, жауын жауса, Баян жүрек көшесінде жарық өшіп қалады. Соның салдарынан талай үйдің электр құрылғылары күйіп кетіп, жарамсыз болып қалған.

Осы мәселені айтып, тұрғындар ауылдық округ әкіміне, электр энергиясын жеткізіп беруші мекемеге де шағымданған. Бірақ қайда барып айтса да, бұл проблеманың шешімін таппай жатыр.

Көше тұрғындарының сөзіне сүйенсек, халық көбейген сайын қуат көзі азайып, трансформатор артық жүктемені көтере алмайтын болған.

"2006 жылы көше тұрғындары өз күшімізбен жолға құм төсеп, электр энергиясының желісін тартқыздық. Алайда, тұрғызған бағаналар мен альюминий желілер әлсіз, талапқа сай болмағандықтан, артық жүктемені көтере алмай жатыр. Жарық содан жиі өшеді. Бәріміз бірігіп арыз жазып, электр энергиясын жеткізіп беруші мекемеге қайырылып, трансформаторды ауыстырып беруін сұрадық",  дейді Баян жүрек көшесінің тұрғыны Сатыпалды Досжанов.

Олар былтыр қазан айында электр энергиясын жеткізіп беруші "Алатау жарық компаниясы" АҚ-ның Қарасай аудандық электр желісі мекемесіне де қайырылып, арыз қалдырған екен. 

"Сіздерден 12.10.2021 жылы келіп түскен кіріс №44-651 Жібек жолы бекеті (станса Шамалған) ауылы Баян жүрек көшесіне қарасты әуе желілеріне, қосалқы трансформаторлық станциясына қатысты келесідей мәлімет береміз:

Сіздерге қарасты Баян жүрек көшесінің әуе желілері 2005 жылдан бері қолданыста, аталған желілер иесіз деп танылған. 2005 жылдан бері халықтың күшімен тартылған желілер. Аталған желілерді күрделі қайта жөндеуден өткізу үшін 2020 жылы "Алатау жарық компаниясы" АҚ-ның тапсырысымен жобалау-сметалық құжаттама жасалған. Жоба жасаушысы "А В Construction" ЖШС. Аталған жоба бойынша қосалқы станция №1347. Одан шыққан 0,4 кВ әуе желілері толығымен өздігінен жүретін оқшауланған сымға, ағаш тірек бағаналар темір бетондарға ауысуы тиіс. Жобаны орындайтын мердігер компания "SAB Energy" ЖШС. Жұмыстың басталу мерзімі – 2022 жыл".

Хатқа "Алатау жарық компаниясы" АҚ-ның Қарасай аудандық электр желісі мекемесінің басшысы Е.Момбаев қол қойған.

Хатта көрсетілгендей, бағаналарды ауыстыру жұмыстары 2022 жылы жүргізілуі тиіс еді. Алайда 10 ай өтті, ал мердігер "SAB Energy" ЖШС компаниясының қызметкерлері бұл көшеде әлі күнге қарасын көрсетпеген.

Осы мәселені алға тартып, Қарасай ауданы Жібек жолы ауылдық округінің әкімдігіне де хабарластық. Ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Дидар Нұрақынов электр бағаналарын ауыстыру бойынша жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес тапсырыс беруші "Алатау жарық компаниясы" АҚ болғандықтан, әкімдік бұған қатысты шешім шығара алмайтынын, ауылдық округке электр энергиясын жеткізіп берушілер жекеменшік мекемелер екенін айтты.

Әкімдік өз тарапынан тек қана қос тарапты шақырып, кездестіруге ғана ықпал ете алатындықтарын жеткізді.

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу