Бүгін "102" кезекші пультіне 9-шағынауданда орналасқан сауда орнына бомба қойылғаны туралы ақпарат түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Абырой болғанда, саперлік тексеруден соң ешқандай жарылғыш зат табылмады. Бұл туралы Lada.kz редакциясына Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлаған.
Оқиға орнына жедел түрде барлық төтенше қызмет жеткен. Азаматтарды эвакуациялау жүргізілмесе де, ғимарат аумағы полиция қызметкерлерімен шұғыл қоршауға алынған.
– Саперлік жұмыстар барысында ешқандай жарылғыш зат анықталған жоқ, – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта полиция жалған ақпарат берген адамның жеке басын анықтау үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Бұл бап бойынша кінәлі тұлғаға 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.