Жарылыстан қаза болғандардың отбасына 1 миллион теңгеден қаржылай көмек беріледі

783

Таразда таңертең көпқабатты үйде жарылыс болып, 3 адам көз жұмды.

Жарылыстан қаза болғандардың отбасына 1 миллион теңгеден қаржылай көмек беріледі Фото: inform.kz

Тараздағы көпқабатты үйдегі жарылысқа қатысты Елбасы тапсырмасымен арнайы құрылған үкімет комиссиясының мүшелері Тараз қаласына шұғыл ұшып келіп, оқиға орнына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен комиссия отырысы өтіп, оқиғаның себеп-салдары жан-жақты талқыланды. Жеңіс Қасымбек орын алған жағдайды егжей-тегжейлі зерделей келе, нақты қорытынды шығару қажеттігін және қажет болса арнайы мамандарды басқа қаладан алдыру керектігін баса айтты. Барлық зардап шеккен тұрғындарға жеке-жеке хабарласып, психологиялық және медициналық көмек көрсетіп, уақытша орналасатын пәтерлермен қамтамасыз ету керектігін тапсырды. 

Сонымен қатар, облыстық полиция департаментінің басшысына қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындардың дүние-мүліктері қолды болмауын тапсырып, ондағы күзету жұмыстарын күшейту керектігін айтты.

Штаб жұмысын өткізген комиссия тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, қайтыс болған тұрғындардың отбасыларына қала әкімдігі тарапынан 1 миллион теңгеден қаржылай көмек берілетін болды.

Комиссия отырысынан кейін ҚР премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек пен облыс  әкімі Асқар Мырзахметов ауруханада жатқан тұрғындардың жағдайын білді.

Еске сала кетейік, бүгін таңғы сағат 06:21-де Тараз қаласы "Мыңбұлақ" ықшамауданындағы 62-үйде жарылыс болып, көпқабатты үйдің бір бөлігінің 1-3 қабаттары құлаған. 3 адам қаза тапқан. Бүгінде облыс басшылығы тарапынан жапа шеккендерге барлық қажетті көмектер көрсетілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу