Бразилияның Белу-Оризонти қаласында 59-шы Халықаралық Менделеев олимпиадасы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстандық оқушылар 40 ел қатысқан жарыста үздік нәтиже көрсетіп, 11 медаль жеңіп алды.
Қазақстан құрамасы 2024-2025 оқу жылында химиядан республикалық олимпиаданың жеңімпаздары болған 10-11 (12) сынып оқушыларынан жасақталды. Команданың барлық мүшелері халықаралық турнирде жүлдегер атанып, Қазақстандағы білім жүйесінің және дарынды оқушыларға көрсетілетін қолдаудың жоғары деңгейде екенін дәлелдеді.
Байқауда Маңғыстау облысындағы "Білім-Инновация" лицейінің 10-сынып оқушысы Меңдіғали Қалдыбай практикалық кезеңде ең жоғары ұпай жинап, "Award for the Best Score in the Practical Exam" арнайы сыйлығына ие болды.
Күміс жүлде иеленгендер:
- Данияр Базарбай – 11 сынып оқушысы, "Білім-Инновация" лицейі, Ақтөбе облысы;
- Меңдіғали Қалдыбай – 10 сынып оқушысы, "Білім-Инновация" лицейі, Маңғыстау облысы;
- Аңсар Жақсылықов – 11 сынып оқушысы, "Білім-Инновация" лицейі, Ақтөбе облысы;
- Арен Теңізбаев – 10 сынып оқушысы, №9 "Білім-Инновация" лицейі, Қызылорда облысы;
- Санжар Қалиақбар – 11 сынып оқушысы, "Білім-Инновация" лицейі, Қарағанды облысы;
- Қали Әбілмансұр – 10 сынып оқушысы, Назарбаева зияткерлік мектебі, Астана қаласы;
- Райымбек Ғабдолла – 11 сынып оқушысы, "Білім-Инновация" лицейі, Маңғыстау облысы.
Қола жүлде иеленгендер:
- Айзере Жеңісханова – 10 сынып оқушысы, Назарбаев зияткерлік мектебі, Өскемен қаласы;
- Нұрқожа Умарбаев – 11 сынып оқушысы, "Білім-Инновация" лицейі, Маңғыстау облысы;
- Ярослава Кравчук – 11 сынып оқушысы, №8 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейі, Павлодар қаласы;
- Алихан Серікұлы – 11 сынып оқушысы, "Haileybury Almaty" мектебі, Алматы қаласы.
Команданың жетекшілері – Бахытжан Елдана және Азим Аманжолов.
Еске сала кетейік, Халықаралық Менделеев олимпиадасы Қазақстан ұлттық құрамасы үшін 2025 жылдың 5-14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін химиядан Халықаралық олимпиадаға (IChO) дайындықтың маңызды кезеңі болып саналады.