Жас ветеринар мамандар ауылға барудан бас тартады – сенатор

167

Бұған әлеуметтік жағдайдың төмендігі, тұрғын үйдің жотығы, жалақының бәсекеге қабілетсіз болуы себеп.

Жас ветеринар мамандар ауылға барудан бас тартады – сенатор Фото: primeminister.kz

Қазақстанның қазіргі ветеринарлық басқару моделі жүйелі реформаларды қажет еді. Бұл туралы сенатор Арман Өтеғұлов Сенатта өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 

"Жүргізілген жан-жақты талдауда ветеринария тек аграрлық сектордың бір тармағы ғана емес, ұлттық қауіпсіздік жүйесінің негізгі бағыты екенін айқын көрсетіп отыр. Эпизотиялық қауіптердің күшеюі баршаңызға мәлім. Жаңа зооноздар, климаттың өзгеруі, халықаралық сауданың артуы жануарлар ауруларының таралуын тездетіп отыр. Ғалымдардың дерегінше, жаңа инфекциялардың 70%-ы жануарлардан тарайды. Сондықтан ветеринария – бұл тек мал шаруашылығын қорғау емес, адам денсаулығын, өңірлік тұрақтылықты және шекаралық қауіпсіздікті қорғау. Қазақстанның қазіргі ветеринариялық басқару моделі сын-қатерлерге уақытылы жауап беруі үшін тиісті жүйелі реформалар жүргізіліп жатыр", – деді Сенат депутаты.

Негізгі мәселе – кадрлық жүйенің әлсіздігі.

"Бүгінде көптеген өңірлерде ветеринар мамандарының тапшылығы 25-30%-ға жетіп отыр. Олардың орта жасы 60-қа жақындап қалды. Бір маманға жүктеме аймақтарда 2-2,5 мың бас малға дейін барса, мұндай жағдайда сапалы диагностика, профилактика жасау қиынға соғатыны белгілі. Кадрлар даярлайтын ЖОО бағдарламалары халықаралық талаптарға толық сай емес, ірі шаруашылықтар алыс жақын шет елдерден білікті мамандарды жұмысқа алуға мәжбүр. Жас мамандар ауылдық аймақтарға барудан бас тартады. Себебі әлеуметтік жағдай төмен, тұрғын үй жоқ, жалақы бәсекеге қабілетсіз. Бұл саланы болашақта кадрлық мәселені қайтадан қарау керек деп ойлаймын", – деп есептейді Арман Өтеғұлов.

Сенатордың айтуынша, эпизоотиялық жағдай созылмалы деуге болады. 

"Бруцеллез, құтыру, сібір жарасы, туберкулез сияқты ауру ошақтары жекелеген өңірлерде жылдар бойы жойылмай келеді. Оның басты себептері: жеке қосалқы шаруашылықтардың вакцинацияға немқұрайлы болуы; мал қозғалысын тіркеудің әлсіздігі; түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі; қаңғыбас жануарлар популяциясының бақылаусыз өсуі. Бұл – тек ветеринарлық қызметтің емес, қоғамдық жауапкершілік деңгейінің де төмендігі", – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу