2031 жылға қарай жасанды интеллект ақыл-ой деңгейі бойынша бүкіл адамзаттан асып түсуі мүмкін. Бұл туралы америкалық бизнесмен, Tesla компаниясының басшысы Илон Маск Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біздің пайымымыз бойынша кез келген адамнан ақылдырақ жасанды интеллект пайда болады. Бәлкім, 2030 немесе 2031 жылдарға қарай, яғни бес жылдан соң жасанды интеллект бүкіл адамзаттан ақылды болуы мүмкін", – деді Илон Маск.
Оның болжамынша, болашақта әлемде адамдардан гөрі роботтар саны басым болады. Миллиардер жасанды интеллект пен роботтар адамға кез келген істі орындауға көмектесуі мүмкін деп топшылады.
"Миллиардтаған адам тектес роботтар пайда болған жағдайда, ал мен олардың көп болатынына сенемін, меніңше, жер бетінде әр адамның өз роботы болуы да мүмкін", – деді Tesla басшысы.
Илон Маск басқаратын Tesla компаниясы адам тектес Optimus атты роботтарды шығарумен айналысады. Мұндай роботтар жасанды интеллект және Tesla-ның автопилот жүйесімен жұмыс істейді. 2023 жылғы желтоқсанда Optimus роботының жаңа буыны – Gen 2 моделі таныстырылды. Илон Маск Tesla-ның биылғы ақпан-наурыз айларына дейін Optimus-тың сериялы прототипін әзірлеуді жоспарлап отырғанын да айтты.