Тринити Пейдж Девенпорт ЖИ-дің ботынан алақан сызығына қарап, болашағын болжауды сұраған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Mirror басылымы толығырақ жазады. Яғни, Тринити өз өміріне, махаббатына қатысты болжам алғысы келген. Десе де, романтикалық болжам емес, денсаулығына қатысты алаңдатарлық ескерту алған.
ChatGPT боты оған шұғыл түрде дәрігерге қаралуға кеңес берген. Себебі, келіншектің сұқ саусағының астында орналасқан меңді қатерлі ісіктің белгісі болуы ықтимал деп тапқан.
– Хиромантияға кіріспес бұрын, алақаныңыздағы меңді дерматологқа көрсетуге кеңес беремін. Бұл жай ғана елеусіз нәрсе болуы мүмкін, бірақ оның орналасуы мен сыртқы көрінісі сирек кездесетін, бірақ қауіпті тері рагының түрі акральды лентигинозды меланоманы еске салады. Ол көбіне алақанда, табанда немесе тырнақтың астында пайда болады. Сақтықта қорлық жоқ, кәсіби маманнан кеңес алған дұрыс. Егер тексеруден өтіп, бәрі жақсы болып шықса, қуана-қуана сізге алақаныңыз бойынша болжам жасап берем, – деп жауап берген ЖИ.
Кейіннен Тринити бұл меңнің баласын дүниеге әкелгеннен кейін ғана пайда болғанын айтқан. Меңнің қауіпті саналатыны үш ұйықтаса да, түсіне кірмепті.