Жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайды, көмекші құрал ретінде қалады – вице-министр

239

Бүгінде денсаулық сақтау саласында ЖИ құралдары қолданылады.

Жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайды, көмекші құрал ретінде қалады – вице-министр Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Құрылтайдың жалпы отырысында жасанды интеллекті медицинада қалай қолданылып жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 
  
Құрылтай депутаты Асылхан Қожахметовтің сөзінше, ЖИ дәрігерлерге суреттерді, түсірілімдерді оқуға және ауруларды ерте кезеңде анықтауға көмектеседі.

"Сонымен қатар заң жобасында жасанды интеллект тек денсаулық сақтау технологиясы ұғымында ғана аталып өтіледі. Маңызды сұрақтар ашық қалып отыр. Депутаттар медициналық қызметтегі жасанды интеллектіні реттеу жөнінде қосымша түзетулер ұсынды. Біздің ойымызша, ЖИ-ді қолданудың негізгі ережелері мен қағидаттарын заң деңгейінде бекіту қажет. Жалпы медицинада жасанды интеллектіні дамыту және пайдалану жөнінде министрліктің пайымы қандай? ЖИ элементтері бар бағдарламаларды оқыту, пайдалану және тексерудің практикалық тетіктері қандай?", – деп сұрады депутат.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев медицинада ЖИ-ді дамыту негізгі бағыттың бірі екенін айтты. Оның сөзінше, жасанды интеллект түрлі сырқаттардың алдын алуда, ерте анықтауда, сонымен қатар дәрігерлерге көмекші құрал ретінде қолданылады.

"Қазірдің өзінде он шақты түрлі ЖИ құралдары қолданылып жатыр. Мысалы, Cerebra 49 ауруханада енгізілген. Бұл инсультті уақытылы анықтайтын жасанды интеллект. Сонымен қатар өкпе обырын ерте анықтауда тағы бір жасанды интеллект қолданылады. Қазірдің өзінде шамамен 350 түрлі медициналық мекемеде қолданылады. ЖИ-ді енгізудің нақты шаралары қазірде бар", – деді ведомство өкілі.

Вице-министрдің пікірінше, енгізіліп жатқан жасанды интеллект дәрігерлерді алмастырмайды, көмекші құрал ретінде қалады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу