Жастар арасында құқық пен жауапкершілік тақырыбында ашық диалог өтті

362

Дискуссияның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, өз құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, өзгенің пікіріне құрметпен қарауға және еркіндік пен жауапкершіліктің шегін ажырата білуге бағыттау.

Жастар арасында құқық пен жауапкершілік тақырыбында ашық диалог өтті Фото: Ақмола облысы баспасөз қызметі

Бүгін Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде "Менің құқықтарым басқа адамның құқықтары басталатын жерде аяқталады" тақырыбында TEDx форматындағы ашық дискуссия өтті. Кездесуге 100 студент қатысып, жастардың құқықтары, жеке шекара, сөз бостандығы және қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелерін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кездесуге "Ар-намыс" саяси-интеллектуалды клубы мен "Парасат" дебат клубының мүшелері қатысты. Спикерлер қатарында қала прокуратурасының бөлім аға прокуроры Уалиева Асель, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор Нысанбай Ескендір, қалалық ішкі саясат бөлімінің өкілі Пазыл Перизат, "Есбол" қорының өкілі Жағупар Даниал, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Хуанған Айғаным және дебат клубының мүшесі Ақарыс Талғатұлы болды.

Талқылау барысында қоғамдық мораль, сөз бостандығы, жеке шекара, әлеуметтік желідегі жауапкершілік, құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтық мәдениет мәселелері көтерілді.

Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Хуанған Айғаным қоғамдық мораль мен әлеуметтік қысымның жастарға әсеріне тоқталды. Оның айтуынша, қоғамда қалыптасқан көзқарастар адамның жеке таңдауына ықпал етіп, кей жағдайда өзіндік ерекшелігін жоғалтуына әкелуі мүмкін.

"Қоғамдық қысым, соның ішінде буллинг мәселесі де өзекті. Әлеуметтік желілердегі түрлі пікірлерге сүйеніп, өз таңдауымызды өзгелердің көзқарасына бейімдеп жатамыз. Сондықтан әр адам өз таңдауын өзі жасап, жеке көзқарасын қалыптастыра білуі керек", – деді ол.

Қала прокуратурасының бөлім аға прокуроры Уалиева Асель құқық пен міндеттің қатар жүретінін атап өтті. Ол білім алу, өмір сүру және өз құқықтарын қорғау әр азаматтың негізгі құқықтары екенін айтып, Конституцияны сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау және өзгенің жеке шекарасын құрметтеу әр адамның міндеті екенін түсіндірді.

"Өз құқығын қорғау барысында туындаған келіспеушіліктерді жанжалға, тіпті төбелеске жеткізу адамның қылмыстық жауаптылыққа тартылуына себеп болуы мүмкін", – деп ескертті прокурор.

Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор Нысанбай Ескендір жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың себептеріне тоқталды. Оның сөзінше, оқуға жауапсыз қарау, бос уақытты тиімсіз пайдалану, отбасындағы және оқу орнындағы бақылаудың жеткіліксіздігі, сондай-ақ жеке жауапсыздық құқық бұзушылыққа алып келуі мүмкін.

"Парасат" дебат клубының мүшесі Ақарыс Талғатұлы сөз бостандығы адамның өз ойын еркін білдіру құқығымен ғана шектелмейтінін, айтқан әрбір сөзі үшін жауап бере білу де маңызды екенін атап өтті.

Ал қалалық ішкі саясат бөлімінің өкілі Пазыл Перизат Бақытқызы пікір білдіру еркіндігі өзгенің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруге негіз болмайтынын айтты.

"Әр адамның өз пікірін еркін білдіруге құқығы бар. Алайда бұл құқық басқа адамның пікірін қорлауға, біреуді кемсітуге немесе оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруге жол бермейді", – деді ол.

Кездесудің интерактивті бөлімінде студенттерге күнделікті өмірде кездесетін жағдаяттар ұсынылды. Атап айтқанда, адамның рұқсатынсыз әлеуметтік желіде фото және бейнежазба жариялау, өзге пікірге құрметпен қарау, қоғамдық орындардағы тәртіп пен өзара сыйластық мәселелері талқыланды. Студенттер өз көзқарастарын білдіріп, спикерлермен ашық пікір алмасты.

Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, жастарға құқық пен міндеттің, жеке еркіндік пен қоғамдық жауапкершіліктің өзара тығыз байланысты екенін түсінуге мүмкіндік берді. Өйткені өз құқығын білу – өзгенің құқығын құрметтеуден басталады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу