Жастар біліксіз блогер мен кереғар коучке еліктеп жүр – депутат

418

Елімізге инженерлік-технологиялық ой қажет екені айтылды.  

Жастар біліксіз блогер мен кереғар коучке еліктеп жүр – депутат Фото: ЖИ

Құрылтай депутаты Дихан Қамзабекұлы қоғамда білім-ғылым культін қалыптастыру туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Халық қолдап-қуаттаған жаңа Конституциямызда мәдениет, білім, ғылым, инновация құндылығы айрықша жазылғаны мәлім. Бүгінде ғылым мен инновация – жаңару мен ел сапасының маңызды тетігі. Ата заңдағы құндылық пен басымдық енді өміріміздің мәніне, өзегіне айналуға тиіс. Әсіресе, ғылым мен инновацияның негізі мектепте жүйелі оқытылып, үзіліссіз жалғасуы шарт. Өкінішке қарай, бүгінгі жасөспірімдер мен жастардың біршама бөлігі қайбір біліксіз блогер мен кереғар коучке еліктейтіні, тіпті көп тер төкпей-ақ мол қаржы табуға сенетіні байқалады. Бұл – дана Абай сынаған "бес дұшпан істің" жолы. Еліміз "Әділет!" деп жаңарғанда, бұрынғы-кейінгі тоғышарлыққа, орынсыз еліктеп-солықтауға жол жоқ", – делінген депутаттық сауалда.

Дихан Қамзабекұлының сөзінше, дәл қазір елімізге инженерлік-технологиялық ой, ізденіс, өнертабыс ауадай қажет. 

"Иә, рухани жетілу ұмытылмайды. Тереңірек қарасақ, Тәуелсіздік мұратының өзі – мәдени қазына, адастырмас темірқазық. Бүгін ХХ ғасырдың бас ширегіндегі инженер Мұхамеджан Тынышбайұлы, медик-биолог Халел Досмұхамедұлы, математик Ибадулла Ақбергенұлы, кеңес кезеңіндегі академиктер - инженер Қаныш Сәтбаев, энергетик Шапық Шөкин, молекуляр-биолог Мұрат Айтқожин, қазақ қыздарынан шыққан алғашқы академиктер – геолог Патшайым Тәжібаева, тұңғыш техника ғылымдарының докторы , маркшейдер Жамал Қаңлыбаева, заманымыздың біртуар академиктері – антрополог Оразақ Ысмағұлов, математик Мұхтарбай Өтелбай, генетик Рахметқажы Берсімбай сынды жүздеген тұлғаларды оқушыға да, студентке де үлгі ете білу - борышымыз. Гендік, медициналық инженерия, STEM мамандықтарының бастауы өз дәстүрімізде тұр", – деп атап өтті ол.

Құрылтай депутаты қоғамға пайда әкелетін ақыл-ой мен білім-білік қорын "адам капиталы" деп аталатынын тілге тиек етті. 

Осыған байланысты депутат бірқатар ұсыныс тастады.

"Ғалым, инженер, өнертапқыш т.б. интеллектуал тұлғалардың қоғамдық беделін, бейнесін жас буынға ұғындыратын жоба әзірленіп, ғылымға, технологияға елеулі үлес қосқан бұрынғы-кейінгі тұлғаларды ақпарат құралдарында, цифрлық платформаларда үзбей кең насихаттау жолға қойылса дейміз. Инженерлік-техникалық, жаратылыстану мамандықтарына талантты жастарды тарту мен баулудың тиімді бағдарламалары жасалып, орта білім жүйесінің, соның ішінде келешек мектептері мен Оқушылар сарайларының жұмыс нәтижесіне (КРІ) инженерлік-техникалық, жаратылыстану мамандықтарына қатысты конструкторлық алаңдар мен үйірмелердің табысы жеке көрсеткіш болып енгені маңызды", – деді Дихан Қамзабекұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу