Жастар практикасына қатысушылардың жалақысы 20%-ға өсті

6618

"Алғашқы жұмыс орны" жобасына қатысушылардың жалақысы 50%-ға артты. 

Жастар практикасына қатысушылардың жалақысы 20%-ға өсті

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қазақстандықтардың табысын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты, деп жазды inbusiness.kz. 

Вице-министр сөз басында Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған міндеттерін еске салды, оларды іске асыруға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі толық немесе ішінара жауап береді. 

Біріншісі, "Жастар практикасы" және "Алғашқы жұмыс орны" жобалары бойынша қатысу кезеңін ұзарту мен жалақысын арттыру, сондай-ақ бизнес-идеяларды дамыту үшін гранттар мөлшерін 400 АЕК-ке дейін ұлғайту. 

Екінші, Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу және қабылдау.

Үшінші, өңірлерде жыл сайын 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру. 

Бұл халық санының өсуін ескере отырып, 2025 жылға дейін негізінен жеке секторда 780 мыңнан астам жұмыс орнын құрайды.

"2020 жылдан бастап педагогтердің, 2021 жылдан бастап медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру басталды. Нәтижесінде, 2023 жылға қарай олардың жалақысы 2 есеге артады. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕТЖ мөлшері 41%-ға, 42 500-ден 60 000 теңгеге дейін ұлғайды, бұл шамамен 1 млн 650 мың жалдамалы жұмыскердің ақшалай табыстарының өсуіне алып келді", – деп қосты Ержан Біржанов.

Биылғы ақпанда Еңбек министрлігі нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізді, оған сәйкес жастар практикасына қатысу кезеңі 6 айдан 12 айға дейін, "Алғашқы жұмыс орны" жобасында 12 айдан 18 айға дейін ұлғайды. 

"Жастар практикасына қатысушылардың жалақысы – 20%-ға (25-тен 30 АЕК-ке дейін), "Алғашқы жұмыс орны" жобасына қатысушылардың жалақысы – 50%-ға (20-дан 30 АЕК-ке дейін) өсті", – деді спикер. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу