"Жастарға 2,5%-бен несие": Тоқаевтың тапсырмасы неге орындалмай жатыр

784

Президент 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бизнес бастайтын жастарға 2,5%-бен несие беруді тапсырған еді. Алайда мемлекет басшысының бұл тапсырмасы әлі орындалмай келеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz. 

"Жастарға 2,5%-бен несие": Тоқаевтың тапсырмасы неге орындалмай жатыр Фото: google

Журналистер Сенат кулуарында бұл сұрақты бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовқа қойды.

"Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға 2,5%-бен кредит беру мәселесін көтерген еді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлі мұның шартын дайындамаған. "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ халыққа шарт әлі дайын емес, біз жұмыс істей алмай отырмыз депті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі неге осы шартты дайындамай, кешіктіріп жатыр? Жаңа жылдан кейін кредит берілуі керек болған. Бұған не дейсіз?" - деп сұрады журналистер.

Бұл сұраққа жауап берген Ақмәди Сарбасов былай дейді.

"Біз, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (жеңілдетілген кредитке – автор) ережелерді толық дайындадық. Бұйрықтар шықты. Әділет министрлігінен тіркеуден өтті. Қазір жастарға арналған 2,5%-дық несиеге біз жауап береміз. Алайда 2,5%-дық несие Ауыл шаруашылығы министрлігінде де бар. Алайда біз бұл мәселеге қатысты толық шешім қабылдадық. Бүгінде біз жергілікті атқарушы органдармен осы механизм бойынша жұмыс істеп жатырмыз", - деп ақталды ол.

Журналист "жастарға арналған кредит қашан беріле бастайды?" деген сұраққа вице-министр екіұшты жауап берді.

"Оның мерзімі бар. Осы айдың ішінде жергілікті атқарушы органдары және қаржы министрлігімен кредиттік келісімге қол қоямыз. Осы келесі айдан бастап, (кредит беруді – автор) бастаймыз. Оған қатысты ешқандай мәселе жоқ", - деді ол.

Еске сала кетсек, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберіндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында жастар үшін жеңілдікті микрокредит берудің жаңа тетігі енгізілетіні бұған дейін хабарланған болатын.

Несиелеу талаптарына сәйкес, микрокредиттер 21 жастан 35 жасқа дейінгі, кәсіпкерлік қызметті бастағысы келетін не кәсіпкерлікпен айналысатын жастарға конкурстық негізде беріледі. "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ арқылы берілетін несиенің номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5% - дан аспайды. Қарыздың ең жоғары сомасы 5 млн теңгеге дейін және ол үшін кепіл болуы міндетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу