Тараз қаласының прокуратурасы еңбек және зейнетақы заңнамасының талаптарын бұзу фактілерін анықтап, 742 азаматқа қол ұшын созды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мысалы, "Жасыл Ел Тараз" ЖШС 2025 жылдың алғашқы айларынан бері 605 қызметкердің пайдасына 24 млн теңге мөлшеріндегі міндетті зейнетақы жарналарын аудармаған.
Сонымен қатар, Тараз қалалық білім бөлімінде еңбек еткен 19 зейнеткерге қатысты да осындай заңбұзушылық анықталған. Ол жерде 3 млн теңге көлеміндегі жарналар төленбегені белгілі болып отыр.
Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде жалпы сомасы 27 млн теңге зейнетақы жарналары толық көлемде өтеліп, қызметкерлердің құқығы ескерілді.
Сондай-ақ, прокуратура мүмкіндігі шектеулі жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша да жұмыстар атқарған.
Прокуратураның жүйелі жұмысы негізінде 41 мүмкіндігі шектеулі қызметкердің жұмыс уақыты қысқартылса, 45 адамға жұмысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындалды. Мұнан бөлек 10 адам кәсіптік оқуға жіберілген және 22 азамат субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама алған.
Прокуратура азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселесі үнемі бақылауында екенін еске салады.