"Жазбаша жауапқа сілтеме жасамаңыздар": Дания Еспаева Құрылтайға дайындықсыз келген Көлік вице-министріне шүйлікті

754

Вице-министр Құрылтай депутатының сауалына жазбаша жауап жіберетінін айтқан.   

"Жазбаша жауапқа сілтеме жасамаңыздар": Дания Еспаева Құрылтайға дайындықсыз келген Көлік вице-министріне шүйлікті Фото: quryltai.kz

Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитетінде "2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ұлттық қордан бөлінетін 2 трлн теңге көлеміндегі нысаналы трансферттер есебінен жалпыұлттық немесе аса маңызды санаттарда құрылуы тиіс 272 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нысаналы трансферттердің жалпы сомасының шамамен елу пайызы Көлік министрлігіне қатысты бағытқа көзделген. Бұл қаражат көлік және авиация инфрақұрылымын жаңғыртуға, оның ішінде тау кластері нысандары мен инфрақұрылымын және басқа да жобаларды іске асыруға жұмсалады. Осы орайда Абзал Бейсенбекұлы үш жылға қарастырылған 5 трлн теңгенің толық жобалық тізімін қайдан көруге болады? Іске асыруға ұсынылып отырған барлық жобалар бойынша бюджет заңнамасымен талап етілген тиісті құжаттары бар ма? Барлық жобалар заңнамада көрсетілген іріктеу рәсімдерінен толық өтті ме?", – деді Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай.

Сонымен қатар депутат Көлік министрлігі өкіліне де сауал қойды.

"Неліктен бұл жобалар республикалық бюджет немесе мемлекеттік жекеменшік-әріптестік тетік арқылы қаржыландыру мүмкін емес? Жобалардың белгіленген мерзімі аяқталмай қалуы тәуекелдері бар. Соны азайту мақсатында қатаң жобалық басқару жүйесін енгізу жоспарланып отыр ма?", – деп атап өтті ол.

Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлының айтуынша, бөлініп жатқан қаражаттың басым бөлігі инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталып отыр. 

"Баяндамамда айтып өткендей, бұл жобаларды іріктеу мерзімі барлығы бюджеттік процедуралардың кезең-кезеңімен барлық сатысында өтті. Олар бойынша қажетті құжаттар бар. Ал енді олардың тізбесіне келсек, өзіңіз білесіз, біз осы республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде регламент бар. (...) Бізде бүкіл жобалардың тізімі бар. Оның барлығын комитет отырысында, жұмыс топтарында беруге дайынбыз", – деді Абзал Бейсенбекұлы.

Ал Көлік вице-министрі Дамир Қожахметов бұл мәселе бойынша жауапты жазбаша түрде беретінін айтты.

Бұл ретте Құрылтай вице-спикері Дания Еспаева ведомство өкілін сынға алды.

"Құрметті мемлекеттік органдардың өкілдері! Бүгін біз жауапты вице-министрлерді шақырдық. Бұл бюджет жобасын сіздер жатқа білесіздер. Себебі таяуда ғана оны бекіттіңіздер. Ал бүгін отырыста жауапты жазбаша береміз деп айтып отырсыздар, бұл дұрыс емес. Қалған вице-министрлерден сұрайтыным сауалдарға мейлінше нақты жауап берсеңіздер, жазбаша жауапқа сілтеме жасамаңыздар. Сұрақ тым қарапайым болды. Бұл сіздердің шығыстарыңызға қатысты болды. Сіздер оны басқаларына қарағанда жақсы білулеріңіз керек. Отырыста презентация жасалатыны да белгілі болды. Әрқайсыларыңыз дайындықпен келулеріңіз керек еді", – деді Дания Еспаева.

Айта кету керек, бұған дейін Құрылтай республикалық бюджет жобасын қарайтынын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу