Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов жедел жәрдем көліктеріне қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жалпы бәрі заңның керектігін айтып жатыр. Ішінде өте жақсы баптар бар. Дәрігерге тіл тигізуге де болмайды. Бірақ бізде осындай жағдайларға алып келетін жүйелік провокациялар бар екенін сіздер де мойындайсыздар. Жедел жәрдем жүргізушісі мен дәрігеріне неге ашуланамыз? Себебі кешігіп келеді. Неге? Қазақстандағы жедел жәрдем көліктерінің 70 пайызы тозып кеткен. Барларының да жағдайын білетін шығарсыздар. Осыны реттеуге құлықты министрлік көріп отырған жоқпыз әлі. Бірақ заң шығарып жатырмыз. Ертең сол тозған машинамен барған дәрігер мемлекеттік тілде сөйлей алмай тұрса немесе өлейін деп тұрған адамға "сен порталда тіркелмегенсің" деп есігін тарс жауып алса, адам ашуланғаннан кейін неше түрін айтады ғой", – деді Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов.
Депутат құзырлы ведомстводан осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілетінін сұрады.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев бұл жүйелі мәселе екенін баса айтты.
"Бір уақытта шешетін нәрсе емес. Ол жалпы бюджеттегі қаражатқа байланысты. Жергілікті атқарушы органдардың медициналық ұйымдардағы арнайы техниканы уақытылы алмастыруына байланысты. Мысалы, жедел жәрдем бойынша көптеген өңірлерде лизинг бойынша жаңа жедел жәрдем көліктерін алып жатыр. Қазіргі уақытта жедел жәрдем 100 пайыз көлікпен қамтылған. Осылай біртіндеп сұрақтарды шешеміз деп ойлаймыз", – деп жауап берді Тимур Сұлтанғазиев.