Мәжілісте "Қылмыстық кодекске және Қылмыстық іс жүргізу кодексіне толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Сөзімді нақты бір оқиғадан бастайын. Қостанай қаласы. Тәжірибелі уролог науқастарды қабылдауда. Аяқ астынан жанжал шығып, оған шабуыл жасалады. Нәтижесі өте ауыр: дәрігердің бас сүйегі сынып, миына қан құйылып, ауыр жарақат алады. Ол 4 ай жұмысқа шыға алмайды. Бір қарағанда, жалғыз адам зардап шеккендей көрінеді. Бірақ сандарға назар аударайық. Бұл маман осы 4 айда 960 адамды емдер еді. Ойланып қараңыздаршы: мыңға жуық қарапайым азаматтар, осының кесірінен, білікті көмек ала алмады, біреуінің ауруы асқынса, біреуге уақытылы ота жасалмады. Яғни, бір дәрігердің соққыға жығылуы деген ол іс жүзінде мың қазақстандықты емсіз қалдыру деген сөз", – деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.
Бұдан бөлек Асхат Аймағамбетов жедел жәрдем бригадасына жасалған шабуылды да мысалға келтірді.
"Біз мынаны анық түсінуіміз керек. Жедел жәрдемге шабуыл жасау деген бұл жай ғана төбелес емес. Мас бұзақы, жүргізушіні ұрған кезде, ол оны ғана ұрып жатқан жоқ. Ол көрші көшеде, тынысы тоқтап жатқан, дене қызуы көтеріліп, сол жәрдемді күтіп жатқан кішкентай баланы ұрды. Ол инсульт немесе инфаркт алған, енді сол жедел жәрдем оған жете алмайтын әжені ұрды. Яғни, бір бұзақының кесірінен, жедел жәрдемнің бір бригадасы, бір көлігі істен шығып қалды. Сондықтан осы жәрдемнің науқастарға жету уақыты ұзарды. Ал инфаркт пен инсульт кезінде есеп сағатпен емес, минутпен өлшенетінін жақсы білеміз. Сондықтан бұл – өмір мен өлім мәселесі", – деп түсіндірді депутат.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми дерегінше, соңғы бес жылда медицина қызметкерлеріне 280 шабуыл тіркелген.