Желіде банкроттық бойынша ақылы қызмет көрсететін алаяқтар пайда болды

624

3-ші наурыздан бастап қазақстандықтардың банкроттыққа өтініштерін қабылдау басталады. Несиесін төлеуге қиналып жүрген 1 миллионға жуық азамат бұл күнді асыға күтіп жүр.

Желіде банкроттық бойынша ақылы қызмет көрсететін алаяқтар пайда болды Фото: Хабар24

Дегенмен, барлығы аталған рәсім тегін жүргізілетінін біле бермейді екен. Желіде банкроттар қатарына ілігуге көмектесетін алаяқтар пайда болған. Олар бұл қызметі үшін ақы сұрайтын көрінеді.

Умархалиновтар отбасы осыдан 7 жыл бұрын Өскемен қаласынан үй сатып алуға қамданады. Жиған-тергені жетпей, банктен 800 мың теңге несие алған. Тек арада көп уақыт өтпей отбасының жалғыз асыраушысы Мауытхан туберкулезге шалдығып, ем алу үшін диспансерге жатуына тура келеді. Банк олардың несиені қолма-қол ақшамен төлей алмайтыны жөніндегі өтінішін қабылдамапты, бөліп төлеуге де келіспеген. 

Қазақстанда түрлі себеппен қарыздың шырмауынан шыға алмай жүрген жалғыз олар емес, шамамен 1 миллионға жуық адам бар. 3-Наурыздан бастап несиесін жабуға қауқарсыз адамдар банкрот деп танылуға өтініш білдіре алады. Тек ескеретін тұстары бар. 

"Соттан тыс банкроттықты тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады. Бұл орайда борыш 5,5 млн теңгеден аспауы тиіс. Кредит 12 ай бойы өтелмеген болса, үшіншіден меншілігіне тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ мүлік болмаған жағдайда және төртінші банкпен алдын ала реттеу жұмыстары толығымен жүргізілгеннен кейін", дейді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев. 

Заң күшіне енгені сол еді, алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Желіде банкроттық бойынша ақылы қызмет көрсететіндердің жарнамасы толып тұр.  Мемлекеттік кірістер комитеті қажетті рәсімдердің барлығы тегін екенін хабарлайды. Наурыздан бастап бұл қызметті Егов сайты және е-салық азамат мобильді қосымшасы арқылы алуға болады. Экономистер енді өзін жаңадан шыққан заңның жаршысы ретінде көрсететіндер көбейетінін айтады. 

"Міндетті түрде ресми дерек көздерге мән беру керек. Әлеуметтік желідегі мен сіздің мәселеңізді шешіп берем дейтін жаршыларға сенудің қажеті жоқ. Өйткені, олардың көпшілігі қаржылық алаяқтар болып шығады. Сондықтан бұл өзіңіздің мәселеңіз болғандықтан, өзіңіз ресми қаржы министрлігінің банкроттықпен айналысатын мамандарына хабарласу арқылы жүзеге асу керек деп ойлаймын", дейді Экономист Мақсат Халық.

Дегенмен алданып қалған адамдар көбіне оны жария етпеуге тырысады. Ал қаржы алаяқтары жұмыстарын жалғастыра береді. Сондықтан заңсыздыққа тосқауыл болу үшін азаматтық позицияның болуы да аса маңызды, - дейді мамандар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу