Әлеуметтік желіде тапталған күнбағыс алқабы бейнеленген видео тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Белгілі болғандай, видео Ресейде түсірілген. Оның авторы – жергілікті фотограф Дмитрий Бронников.
Айтуынша, бәзбіреулер әдемі кадр үшін күнбағыс алқабын таптап, бүлдіріп кеткен. Фотограф түсірілім барысында табиғатқа кұрметпен қарау мәдениеті назардан тыс қалмау керек екенін алға тартты.
Аталмыш видео тарағаннан кейін кейбір желі қолданушылары оның Қазақстан аумағында түсірілген болуы мүмкін деген болжам жасады. Себебі күнбағыс алқабында түсірілген бейнежазба танымал видеограф Дастан Мұхамедрахымның парақшасында да жарияланған. Блогер видеоны Шығыс Қазақстанда түсіргенін атап өтті.
"Бұл видеоролик негізі арнайы жолда түсірілген. Менің мақсатым Қазақстанның туризмін табиғаттың әдемілігі арқылы дамыту, бірақ негізгі қағидам – табиғатқа ешқашан зиян келтірмеу. Сіздерге көрінетін видеодағы ракурс басқаша көрінуі мүмкін, ол менің командамның шеберлігі. Бізге 15 секундтық әдемі видео түсіру үшін 2-3 күн уақытымыз кетеді, бір локацияны табу үшін 5-6 сағаттап жүреміз. (...) Әдемі жерге барған кезде әдемі видео түсіру үшін табиғатты ластап, қоқыс тастап, зиян келтіруге болмайды", – деді Дастан Мұхамедрахым.