Жем-шөп өндірумен арнайы мамандандырылған зауыттар айналысуы қажет – Антон Штрак

255

Солтүстік Қазақстанда Латын Америкасы тәжірибесіне негізделген агрокластер, цифрлық болжамдау және келісімшарттық мал шаруашылығы моделі енгізіле бастады.

Жем-шөп өндірумен арнайы мамандандырылған зауыттар айналысуы қажет – Антон Штрак Фото: dknews.kz

Бұл туралы Atameken Business Forum алаңында "Новоишимский мелькомбинат" ЖШС-нің атқарушы директоры Антон Штрак мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның сөзінше, әр шаруашылық өндірістің барлық кезеңін өз күшімен атқаратын қазіргі модельдің тиімділігі төмендеп келеді. Оның орнына Латын Америкасы елдерінде кеңінен қолданылатын аграрлық кооперация жүйесі келуі тиіс.

– Мал шаруашылығы фермасының жанынан кәсіби жем өндіретін зауыт ұстау үлкен шығынды және жоғары біліктілікті талап етеді. Мұндай міндет әр шаруашылықтың қолынан келе бермейді. Латын Америкасы елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, ондағы фермерлер кооперативтерге бірігіп, әрқайсысы өз бағытына маманданады. Бірі жем өндіреді, екіншісі мал өсіреді, үшіншісі өнімді терең өңдеумен айналысады. Қазір біз Солтүстік Қазақстан облысында осындай тиімді агрокластер құруға жақындап қалдық, – деді Антон Штрак.

Оның мәліметінше, өңірдегі 15-тен астам шаруашылық өзінің жем-шөп өндіру бөлімдерін жауып, бұл қызметті диірмен комбинатына аутсорсингке берген. 

Компания басшысының айтуынша, мұндай тәсіл шаруашылықтарға қойма салу, арнайы жабдық сатып алу және білікті технолог мамандарды іздеу сияқты шығындардан арылуға мүмкіндік береді.

Антон Штрак саладағы өзгерістердің қажеттілігін астық пен ет өнімдері бағасының құбылмалылығымен байланыстырды. Оның пікірінше, қазіргі жүйеде негізгі табыс бөлшек сауда кезеңінде қалыптасады, ал шикізат өндірушілер әлдеқайда аз пайда көреді.

Сонымен қатар, ол жем өндірушілер тек өнім сапасына ғана емес, мал шаруашылығындағы түпкі нәтижеге де жауап беруі керек деп есептейді.

– Нәтиже үшін технология жеткізушісі жауап беруі тиіс. Өйткені, биологиялық процестерді нақты есептеуге болады. Жем өндірумен арнайы мамандандырылған зауыттар айналысуы қажет. Бұл тек біздің кәсіпорынға қатысты емес. Біз толық қуатта жұмыс істесек те, Қазақстан нарығының жалпы сұранысының небәрі 3-4 пайызын ғана қамтамасыз ете аламыз. Елде шикізат жеткілікті, сондықтан мұндай зауыттар мүмкіндігінше көп ашылуы керек, – деді кәсіпорын басшысы.

Жаңа модельдің негізгі элементтерінің бірі – фермалардың цифрлық егіздерін енгізу. Бұл шаруашылықтардың өндірістік көрсеткіштерін алдын ала болжауға мүмкіндік беретін математикалық модельдер.

Штрактың айтуынша, қолданылып жатқан алгоритмдер ұсынылған азықтандыру бағдарламасы толық сақталған жағдайда, фермер алты айдан кейін қанша ет немесе сүт өндіретінін 5-7 пайыздық дәлдікпен есептей алады.

Заманауи жем технологияларын, ветеринарлық сүйемелдеуді және цифрлық талдау құралдарын қатар пайдалану мал шаруашылығындағы тәуекелдерді едәуір азайтып, өндіріс тиімділігін арттырады. Алғашқы нәтижелер де көріне бастаған. 2026 жылы кәсіпорын бақылауындағы ірі қара мал саны 7 мың басқа көбейген.

Антон Штрактың сөзінше, бұл жоба болашақта Қазақстан бойынша цифрлық келісімшарттық мал шаруашылығы жүйесін кеңінен енгізуге негіз болуы тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу