Жемқорлар жолдың ақшасын "жырып" емес, "қырып" жеп жатыр

5358

"Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" асфальттан ақша жасайтындарға ымырасыз күрес жариялады.

Жемқорлар жолдың ақшасын "жырып" емес, "қырып" жеп жатыр

Жыл сайын республикалық және жергілікті бюджеттен жол құрылысына 700 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Өкініштісі қаражаттың бір бөлігі жемқорлардың "өңешінен" өтіп кетеді.

Былтыр автомобиль жолдарының сапасы рейтингінде Қазақстан әлемнің 138 елінің арасында 108 - орыннан көрінді. Көңіл көншітпейтін  көрсеткішке жол құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлық себеп болды.

Жемқорлар жолға бөлінген ақшаны жырымдап, "жырып" емес, қопарып, "қырып" жейді екен. Бұған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектеновтің дерегі дәлел.

"Соңғы 3,5 жылда жол құрылысы саласында 100-ге жуық сыбайлас жемқорлық фактісі әшкереленді. Жемқорлар жолға бөлінген ақшаны ашықтан-ашық талан-таражға салуға көшкен. Ал халыққа сапасы сын көтермейтін жол салып беруді әдетке айналдырған. Заңға қайшы әрекетке барғандардың барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылды", – деді Олжас Бектенов.

­­­Обалы не керек, ел аумағында халықаралық стандартқа сай жол желісін құру жоспарлы һәм нәтижелі жүріп жатыр. Ішкі автожол қатынасын дамыту ісі шұрық-тесік жолдарды жамап-жасқау шеңберінен шығып, екі жолақты қарапайым тасжолдарды бірнеше жолақты автобанға айналдыру дәрежесіне жетті. Қазақстанның жолдары шет мемлекеттердегі сияқты ақылы, ақысыз деп жіктелетін болды. Елімізде бір емес, бірнеше ақылы автобан іске қосылды.

Бірақ жол құрылысы саласындағы жемқорлық жойылған жоқ. Салдарынан қарапайым халық күні бүгінге дейін жол азабын тартып келеді. Сапасыз салынған шұрық-тесік жолдар талай адамды жетер жеріне жеткізбеді. Ал жол құрылысынан ақша жегендер "биені бүгімен, түйені түгімен" қылғытуларын қоймады.

"Көп асқанға – бір тосқан" емес пе, биыл қызметін бастаған "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" республикалық мемлекеттік кәсіпорны асфальттан ақша жасайтындарға ымырасыз күрес жариялады.

Айта кетейік, республикалық және жергілікті жерлердегі жолдардың сапасын тексеру құқығы берілген мекеменің 14 облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 17 бөлімшесі және 270 қызметкері бар. Орталық жол сапасын тексеру, жолдарға диагностика жасау, орташа жөндеу жұмыстары құжаттарына сараптама жүргізу, жол құрылысы саласына жаңа технологияларды енгізу ісімен айналысады. 

"Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК бас директоры Замир Сағыновтың сөзінше, бүгінге дейін 10 мыңнан астам тексеру жүргізіліп, сынама алынған. Зертханалық талдау жергілікті жерлердегі жолдардың сапасы нашар екенін көрсеткен.

"Республикалық маңызы бар жолдар 24 мың, жергілікті маңызы бар жолдар 71 мың шақырымды құрайды. Алғашқысында барлығы жақсы, ал екіншісінің жағдайы нашар. Біз жергілікті маңызы бар жолдардың сапасына сараптама жасауға басымдық беріп отырмыз", – деді Замир Сағынов.

"Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК мамандары бүгінге дейін еліміздің бірқатар аймақтарын аралап, жол сапасына қатысты кемшіліктерді әшкереледі және оның дұрысталуына ықпал етті.

Нұр-Сұлтанның іргесінде тұрса да...
Үркер шағын ауданы мен Қосшы ауылының тұрғындары сапасыз жолдан көрешекті көріп отыр. Кемшілік "Жол активтері ұлттық сапа орталығы" ұйымдастырған рейд барысында анықталды.

Мамандар жылжымалы зертханамен Үркер шағын ауданы Кеңсай көшесіндегі жол сапасын тексерді. Жол жабындысынан алынған сынама теріс нәтиже көрсетті. Асфальттың тығыздығы мен қалыңдығы және дымқылдығы талапқа сай болмады. Ал Қастек көшесіне төселген тасжол тілім-тілім болып, жарылып жатты.

Бұған дейін "Жол активтері ұлттық сапа орталығы" аты аталған көшелерден 30 рет сынама алып, бас мердігер "Құлагер" құрылыс корпорациясы ЖШС-ға асфальт-бетон қоспасын төсеу кезінде төменгі қабаттың бетін балшықтан тазартпағаны, Жайлаукөл көшесіндегі кәріз қақпақтарын асфальт-бетонмен бітеп тастағаны, Миялы, Бекет ата көшелері қиылысындағы жолдың ені құжатта көрсетілген стандартқа сай келмейтіні және жолдың төменгі қабатындағы битумның беті эмульсиямен өңделмегені туралы ескерту жасады.

"Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК зертханасы Қосшы ауылына арнайы барып, 12 көшедегі асфальттың сапасын тексерді. Мұнда жол құрылысы кезінде табиғи құм-қиыршық тастың орнына ұсақ құм пайдаланылған. Жол жиегіне арық салынбаған. Өкініштісі, сапасыз жол құрылысына мемлекеттен 2 млрд 100 млн теңге бөлінген.

Екібастұз бен Майқайыңның арасы...
Он сегіз-ақ шақырым. Осы аралыққа тасжол салу үшін 1,5 млрд теңге жұмсалған. Екі жыл бұрын жөнделген жолдың жағдайы жыларман күйде. 

"Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК басшысы Замир Сағынов осы жолды жөндеген "Гидропром" ЖШС бас директоры Исламбек Құлтумановқа қай жерде, қандай қате жібергендерін түсіндіріп берді.

Жол құрылысына жауапты болған тұлға әу баста жолдың бұзылуына жүк көліктері кінәлі деген уәж айтып, ақталуға тырысты. Алайда Замир Сағынов бұлтартпас дәлелдерді алға тартып: "Бұл жерде жол жабындысының конструкциясы жетіспейді. Жоба бойынша оның көрсеткіші 57 сантиметр болу керек. Біздің көріп отырғанымыз 44-45 сантиметр ғана. Жол құрылысында жіберілген қателік бұл ғана емес. Топырақ пен құм дұрыс төселмеген. Төселген құм топырақ пен араласпауы керек. Ал бұл жерде аталған талап сақталмаған. Соған қарағанда, жөндеу жұмыстары күзде жүргізілген. Яғни су өтіп кеткен. Топырақ дымқыл болған. Соған қарамастан оның үстіне құм төселген. Бұл жағдайда топырақтың кепкенін күту керек еді. Қыста дымқыл топырақ қатып қалған", – деді.

Жалағаш-Жосалы бағытындағы жол қайта жөнделеді
Себебі "Жол активтері ұлттық сапа орталығы" РМК мамандары Қызылорда облысында бұған дейін жөнделген облысаралық тасжолдың 27 шақырымынан 21 кемшілік тапты. 731 млн 200 мың теңге жұмсалған жолдың беткі қабаты стандартқа сай төселмеген. Жолдың қиысар тұсы құрылыс талабы бойынша жалғанбаған. 

Жобаны жүзеге асырған KAISON Construction ЖШС анықталған ақауларды қалпына келтіріп, Жалағаш-Жосалы бағытындағы жолды қайта жөндейтін болды.

"Федоровка-Первомайское" тасжолының сапасы сын көтермейді

"Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының" мамандары Қостанай облысындағы "Федоровка-Первомайское" тасжолының сапасынан мін тапты.

Аудан орталығынан Первомай ауылына баратын 34 шақырым жол 30 жылдан бері жөнделмеген. Үш жылға есептелген орташа жөндеу жұмыстары былтыр басталған. Осы уақытқа дейін 17 шақырым жол тегістелген. Бірақ атқарылған жұмыс барысында техникалық талап сақталмаған.

Бұл туралы "Жол активтері ұлттық сапа орталығы" РМК директорының орынбасары Дархан Сақанов: "Асфальт жабындысының орташа қалыңдығының өлшемін алдық. Ол 3-3,5 см құрайды. Талап бойынша 4 см болуға тиіс. Асфальт үгіліп жатыр. Жолдың екі жағы су ағып кететіндей еңіс болуға тиіс. Бұл талап та орындалмаған", – деді.

Ең жақсы...

Жол Маңғыстау облысында екен. Мұнда облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 92% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Жергілікті жол желісінің жалпы ұзындығы 1 406 шақырымды құрайды.

Ең жаман...

Жол Батыс Қазақстан облысына тиесілі. Батысқазақстандықтар сапалы жолмен мақтана алмайды. Өйткені олар республика бойынша соңғы орында тұр. Мұнда жалпы ұзындығы 5 104 шақырымды құрайтын жергілікті жол желісінің 71,3%-ын жөндеу қажет.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу