Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменованың бас бостандығынан айыру жазасы бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Ақ Жайық" газетіне сілтеме жасап.
16 наурыз күні Атырау қаласының №2 соты пробация қызметінің ұсынысын қарады. Бақытгүл Хаменованың жазасын өтеуді кейінге қалдыру мерзімі биылғы 10 наурызға дейін күшінде болған. Сот осы уақыт аралығында Бақытгүл Хаменованың қоғамдық тәртіпті бұзбағанын, әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын және бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін орындағанын хабарлады.
Тиісті мән-жайларды ескере келе сот ұсынысты қанағаттандырды. Осылайша жазаның өтелмеген бөлігі 7 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды, сондай-ақ осы мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.
2022 жылдың 15 қарашасында сот бұрынғы шенеунікті Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша (Пара алу) кінәлі деп таныған болатын. Оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, Хаменова өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылған. Кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаны орындау 3 жылға кейінге шегерілген еді.
Іс материалдарына сәйкес, бұл Атырауда Абай Құнанбайұлы ескерткішін орнату жобасы кезінде 4,5 млн теңге пара алуға қатысты болып отыр. Сот экс-орынбасардың мүлкін тәркілеу туралы да шешім шығарған. Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыпты мойындамады.