Шымкентте 17 жастағы қыз бала өзін белгісіз біреу алып қашып, зорлық көрсеткені туралы хабарлады. Тиісті ақпарат әлеуметтік желіде таралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Менің жасым 17-де. Шымкент қаласының тұрғынымын. Студентпін. Көпбалалы отбасынан шыққанмын. Мені бұрын-соңды көрмеген ер азамат алып қашып кетті. Яғни мені 3-4 бала болып, жолдың бойында машинаға кіргізіп, белгісіз бағытқа жол тартты. Кейін олардың мақсатын білгенімде, мені әйел қылып алмақшы болған. Ол кісілер мені Сарыағаш ауданына алып барды. Үйіне кіргенімізде туысқандары, жеңгелері, барлығы орамалын алып жүгіріп жүрді. Отшашу атып жүрді. Камераға түсіріп жүрген адамдар көп болды. Алып қашуды алдын ала жоспарлағандарын мен сол кезде түсіндім. Менің ата-анамның басқа жақта екенін ол кісілер біле тұра ол жайттардың барлығын жоспарлаған", – деді қала тұрғыны.
Зардап шеккен бойжеткеннің айтуынша, ол алып қашқан адамдарға өзінің жасын айтқан және ата-анасына хабарлауын сұраған.
"Ол кісілер мені үйлеріне күштеп кіргізді. Үйге кіргеннен кейін менің телефонымды өз еріктерімен бермейтінін және өз еркіммен ол жаққа барғаным туралы қолхат жаздырып алмақшы болды. Оны жазбайтын болсаң, телефон бермейміз деп айтты. Қоқан-лоққы көрсетті. Олар біздің дәстүріміз осындай деп айтты. Мені жыныстық қатынасқа мәжбүрлі түрде түсірді", – деді ол.
Шымкент қаласының тұрғыны қазір өзінің ата-анасының үйінде екенін айтты.
Полиция кәмелетке толмаған қыздың арызы негізінде іс қозғалғанын хабарлады.
"Полиция Шымкент қаласы тұрғынының арызы негізінде Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы ("Некеге тұруға мәжбүрлеу") бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаға қатысы бар барлық тұлға полиция басқармасына жеткізілді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс бойынша барлық мән-жайларды анықтау мақсатында қажетті тергеу шаралары кешені жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметі.