Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек LRT-ге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Келесі аптада, яғни 29 немесе 30 қыркүйекте, Әбу-Даби станциясынан Мәңгілік Ел көпірі бағытындағы аралықта жүретін алғашқы пойызды іске қосамыз деп күтіп отырмыз. Алдағы уақытта күн сайын жұмыс уақыты, станциялар саны мен пойыздар саны біртіндеп ұлғайтылады. Бір апта ішінде біз 1-2 станция арасында тестілік режимде пойыздардың жұмысын көреміз. Жалпы тестілеу кезеңі 3 айдан 6 айға дейін созылады", – деді қала әкімі Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, қазан айында қосымша 8 пойыз жеткізіледі, ал желтоқсанға дейін барлығы 18 құрам толық келеді.
"Біздің жоспарымыз бойынша барлық пойыздар келесі жылдың басынан бастап толық жұмыс істейді. Желтоқсанның соңына қарай немесе қаңтардың басы мен ортасына дейін барлық пойыз тестілік режимде жұмыс істейді деген жоспар бар", – деді Жеңіс Қасымбек.