Жер қойнауын игеру саласында лицензия алу тәртібі жеңілдетілмек

Елімізде игеруге арналған 1,4 млн шаршы шақырым учаскенің тек 5% пайызы ғана лицензияланған.   

Жер қойнауын игеру саласында лицензия алу тәртібі жеңілдетілмек Фото: primeminister.kz

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында Геология саласын дамыту тұжырымдамасы аясында еліміздегі пайдалы ресурстарды игеруге жаңа инвестицияларды тартуға арналған шаралар туралы мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ведомство басшысының айтуынша, 2017 жылы жер қойнауын игеру саласында жүргізілген заңнамалық өзгеріс жаңа кен орындарын ашуға және бұл бағытта инвестицияларды тартуға оң әсер етті. Атап айтқанда, "бірінші өтінім" қағидаты бойынша лицензиялар берудің жалпы тәртібі енгізіліп, Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы қабылданды, сондай-ақ лицензия беру мерзімі қысқартылып, халықаралық есептілік стандарттарына (KAZRC кодексіне) көшу бекітілді.

Мәселен, қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстанда геологиялық барлаумен айналысатын 700-ден аса шағын компания құрылды.

Қайырбек Өскенбаев 2018 жылдан бастап қатты пайдалы қазбаларды барлауға 1 мың 922 лицензия берілгенін, сондай-ақ шағын компаниялардың үлесі 90%-дан асқанын жеткізді. Осы өзгерістерге қарамастан аталған саланың тиімді дамуын тежеп тұрған факторлар да бар. Сол себепті еліміздің жер қойнауын игеруге арналған 1,4 млн шаршы шақырымдай учаскенің тек 5% пайызы ғана лицензияланған.

"Геология салаcын дамыту тұжырымдамасы арқылы жер қойнауын пайдалану бағытында лицензия алу жөніндегі тәртіпті барынша жеңілдетіп, инвесторлар мен уәкілетті органдардың арасындағы бизнес-процесті автоматтандыру, сондай-ақ қатты пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге лицензия беру процесінің "ашықтығын" қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыс қазір қолға алынды", – деді Қайырбек Өскенбаев.

Сонымен қатар министр биыл қараша айынан бастап minerals.gov.kz жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасында қанатқақты режімде лицензия беру модулі іске қосылғанын атап өтті. Бұған қоса электронды хабарламалар бойынша арнайы функцияның жұмысы жолға қойылып, барлауға арналған учаскелерге байланысты электронды аукциондарды өткізу процесі автоматтандырылды (e-qazyna.kz -Мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы). Тағы бір айта кетерлігі, аукцион жеңімпазы лицензия берілгенге дейін қол қою бонусын төлеу тиіс. Қажетті сома төленбеген жағдайда оған санкция қолданылуы мүмкін. Бұл алғаш рет енгізіліп отырған тетік.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу