Жер қойнауын пайдаланушылар 6,8 трлн теңгенің тауары мен қызметін сатып алады

678

Алыс-берістің 46,5%-ы жергілікті кәсіпорындарға тиесілі болады. Бұл туралы үкімет отырысында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жер қойнауын пайдаланушылар 6,8 трлн теңгенің тауары мен қызметін сатып алады

"2020 жылдың қорытындысы бойынша көмірсутек шикізаты мен уран өндіру саласындағы жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметті сатып алуының жалпы көлемі шамамен 5,4 трлн теңгені құрады. Сатып алулардағы жергілікті қамту үлесі 46% болды. Оның ішінде тауарларды сатып алудағы жергілікті қамту 19,7%-ды құраса, жұмыстарды сатып алу көрсеткіші 51,3%-ға тең болды. Қызметтерді сатып алуда жергілікті қамту деңгейі 50,3%-ды құрады", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Министрдің айтуынша, жер қойнауын пайдаланушылар 2021 жылы 6,8 трлн теңгенің тауары мен, қызметін сатып алады. 

"Мұндағы жергілікті қамту үлесінің болжамды көрсеткіші – 46,5% немесе 3,1 трлн теңге. Тауарлар бойынша жергілікті қамтудың үлесі – 19,5%, ал жұмыстар бойынша – 51,3% болуға тиіс. Қызметті сатып алудағы жергілікті қамту – 52,3% көрсеткішінде болжанып отыр. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметті сатып алу көлемінің шамамен 77%-ы 3 ірі операторға тиесілі. Олар – "Теңізшевройл" ЖШС, "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." және "Норт Каспиан Оперейтинг Н.В.". Сатып алудың қалған 13%-ы "Самұрық-Қазына" компаниялар тобының және 10%-ы басқа да жер қойнауын пайдаланушылардың үлесінде", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу