Жер учаскелерін берудің электрондық тәртібі енгізілмек

510

Пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін алып қою мерзімі 2 жылдан 1 жылға қысқаруы мүмкін.  

Жер учаскелерін берудің электрондық тәртібі енгізілмек

Елімізді жер телімін пайдалану бойынша мемлекеттік бақылау тетіктері өзгеруі мүмкін. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Орталық  Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті. Оның сөзінше қазір осыған қатысты заң жобасы әзірленуде. 

"Заң жобасы пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру кезеңдері мен алып қою мерзімдерін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқарту, ғарыштық мониторинг деректері бойынша байланыссыз бақылау процесін автоматтандыруды, тексерілетін объекті туралы деректерді ұялы байланыс арналары арқылы хабардар ету тәртібін автоматтандыруды көздейді", - деді Сапархан Омаров.

Бұған қоса министр Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, халыққа қолжетімді болатын тиімді мемлекеттік электрондық жер кадастрын енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Осылайша 2023 жылдан бастап қазақстандықтар жер телімдерін электронды түрде алу мүмкіндігіне ие болады.

"Жер телімдерін беру бойынша электронды тәртіп жер қатынастары саласындағы бюрократиялық және сыбайлас жемқорлық фактілерін жойып, жер учаскесін алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді", - деп түйіндеді министр. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу