Былтыр жер заңнамасын бұзғандарға 500 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мұндай ақпарат Жер ресурстарын басқару жөніндегі комитет жүргізген тексерудің қорытындысында белгілі болды.
– 2024 жылы Жер ресурстарын басқару жөніндегі комитеттің аумақтық бөлімшелері "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының, жер құқықтық қатынастары субъектілерінің, жергілікті әкімдіктер мен филиалдарының үстінен 6,5 мыңға жуық тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша жер заңнамасын бұзудың 5,3 мыңға жуық фактісі белгілі болды. 3,7 мыңға жуық әкімшілік іс қозғалып, 500 млн теңгеге жуық сомаға айыппұл салынды, – делінген Премьер-министрдің жауабында.
Ондағы мәліметке сенсек, көбіне мемлекет меншігіндегі жерге қол сұғу, ауылшаруашылық алқаптарды тиімсіз пайдалану немесе пайдаланбау, берілген телімнің қолданыс мақсатын бұзу, жерге иелік ету құқығын беруде заң бұзу, мемлекеттік жер кадастрын жүргізудің қателіктері, жерді жарамсыз күйге түсіру сияқты заң бұзу фактілері тіркеліп отыр.
Жолданған депутаттық сауалда Солтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында жер заңнамасын өрескел бұзудың фактілері көрсетілген еді. Өз кезегінде Олжас Бектенов аталған заңсыздықтарға жауапты адамдардың бәрі әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын жеткізді.