Қарағандыда балалар алаңынан түсірілген жаға ұстатарлық бейнежазба желіде тарады. Балалар арасында жанжал болып, ер адам жасөспірімге күш қолданған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға 12 сәуір күні Трудовая көшесіндегі үйдің ауласында болған. Балалар арасында жанжал болып, кейін оқиға орнына ересектер барған. Видеодан бір әйелдің балаға ескерту жасағанын, ал қасында тұрған ер адамның жасөспірімді мойнынан ұстап, итеріп жібергенін көруге болады. Бала жерге құлап кеткен.
Қарағанды облыстық полиция департаменті оқиғаға байланысты түсінік берді. Құзырлы органның хабарлауынша, аталған факті бойынша полицияға ешқандай арыз-шағым түспеген.
"Соған қарамастан полиция қызметкерлері жедел түрде оқиғаға қатысқан барлық тұлғаны анықтады. Олар болған жағдайдың мән-жайын анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілді. Қазір жанжалдың туындауына себеп болған мән-жайларды анықтауға бағытталған жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша әрбір қатысушының әрекетіне қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі", – делінген хабарламада.