banner

Жергілікті бюджеттің кірісі 243 млрд теңгеге асыра орындалды

873

Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 11 айда мемлекеттік бюджетке қанша теңге түскенін жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жергілікті бюджеттің кірісі 243 млрд теңгеге асыра орындалды

"Мемлекеттік бюджетке 10 трлн 179 млрд теңге кіріс кірді. Республикалық бюджетке 6,7 трлн теңге түсті. Жалпы кіріс жоспары 109 млрд теңгеге асыра орындалды. Оның ішінде салық – 51 млрд теңгеге, салықтық емес түсім – 54 млрд теңгеге артық болды. Салық бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы корпоративтік табыс салығынан, шикі мұнайға экспорттық кедендік баждан және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтан түсті", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Министрдің мәлімдеуінше, корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың асыра орындалуы 686 ірі салық төлеушінің мәлімделген аванстық төлем көрсеткішін 73,2%-ға ұлғайтуына байланысты болды. 

"Шикі мұнайға салынатын экспорттық кедендік баж бойынша жоспардың асыра орындалуына 11 айда мұнай бағасының орташа есеппен 48,7%-ға қымбаттауы әсер етті. Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспарды асыра орындауға 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда негізгі экспорттық позицияларда бағаның орташа есеппен 27%-ға өсуі ықпал етті", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, салықтық емес түсімдер бойынша жоспарды асыра орындау негізінен мемлекеттік меншіктегі акциялардың мемлекеттік пакеттеріне дивидендтер және мемлекеттік мекемелер салатын айыппұл мен өсімпұлдың өндіріп алынуы есебінен қамтамасыз етілді. 

"Ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспар орындалмады. Ішкі өндіріс тауарларына қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қосылған құн салығын қайтару сомасының 340 млрд теңгеге немесе 62%-ға ұлғаюына байланысты болды. Жергілікті бюджет кірісі 107,5%-ға атқарылды және 3,5 трлн теңгені құрады. Жоспар 243 млрд теңгеге, оның ішінде салық бойынша 202 млрд теңгеге асыра орындалды", – деді министр. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу