Лампедуза аралының жағалауында заңсыз мигранттармен бірге барған қайық аударылып, 64 адам құтқарылды, алайда екі жасар Сьерра-Леоне азаматы теңізде жоғалып кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Итальяндық ANSA агенттігінің хабарлауынша, құтқару операциясы Италияның Жағалау күзетінің патрульдік қайықтары арқылы жүргізілген. Құтқарылғандардың ішінде 14 әйел мен 10 бала бар.
Соңғы ақпарат бойынша Лампедузадағы мигранттардың жалпы саны 292 адамға жетті. Италия ІІМ мәліметі бойынша, 2026 жылдың басынан 13 наурызға дейін теңіз арқылы елге келген заңсыз мигранттар саны 5 174 адамды құрады. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 8 347-ге жеткен.
Жерорта теңізінің орталық бағыты – Италия, Мальта, Ливия және Тунис арасындағы жол соңғы жылдары Еуропаға заңсыз көші-қонның ең көп қолданылатын бағыттарының бірі болып отыр. Көбіне мигранттар Лампедуза немесе Мальта аралына бірінші болып жетеді.
Сарапшылар мигранттарды тасымалдайтын кемелердің жиі толып кетуі, қолайсыз ауа райы, сусыздану, газбен улану секілді факторлар қайықтардың аударылуына және өлімге әкелетінін ескертеді.