Жетісу облысында 81 зейнеткер алаяқтың құрбаны болды

434

Жыл басынан бері 602 тұрғын алаяқтардың құрбаны болған.

Жетісу облысында 81 зейнеткер алаяқтың құрбаны болды

Жетісу облысында 602 тұрғын алаяқтардың құрбаны болған, оның 81-і – зейнеткер. Өткен жылмен салыстырғанда тіркелген фактілер саны 9,5%-ға өсті, оның 140-ы – интернет-алаяқтық.

Келтірілген шығынның жалпы сомасы – 320 млн теңгеден астам.

Полиция қызметкерлерінің күшімен алаяқтықпен айналысқан 209 адам ұсталып, жауапкершілікке тартылды.  

"Жүргізілген талдауға сәйкес, алаяқтардың ең осал санаты – зейнет жасындағы адамдар. Телефон байланысын пайдаланатын алаяқтардың айла-тәсілдеріне көбінесе егде жастағы адамдар алданып жатады. Соңғы бірнеше айдың ішінде алаяқтардың әрекетінен 81 зейнеткер зардап шекті. Фактілердің басым бөлігі Талдықорғанда тіркелген", – деп хабарлады Жетісу облысы ПД КПБ.

Алаяқтықтыққа қатысты қылмыстарды ашу – бұл көп уақытты қажет ететін және күрделі процесс, өйткені қылмыскер айлакерлігінің арқасында күн сайын заңсыз баю, жеңіл табысқа оңай кенелудің жаңа әдістерін ойлап тауып жатыр. Осыған байланысты алаяқтықпен күресудің ең тиімді жолы олардың алдын алу.

"Тұрғындар арасында тұрақты негізде түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, жүргізушілер арасында буклеттер мен брошюраларды таратамыз, жай ғана өтіп бара жатқандар арасында алаяқтардың айла-амалына түсіп қалмау керектігі туралы ескертеміз. Сондай-ақ әртүрлі коммуналдық және пошталық түбіртектердің артқы жағына ескерту мәтіндерін жабыстырамыз. Ескі әдістерді қолдану қарт адамдарға тиімдірек", – деп толықтырды полиция.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу