Жетісу облысында әйел адам ішімдік ішіп, мас күйде көлік жүргізген. Ол жазадан құтылып кету үшін жүктімін деп жалған медициналық анықтама ұсынған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол сотта жеке медициналық мекеменің анықтамасын ұсынған. Алайда, тексеру барысында оның ешқандай медициналық тексеруден өтпегені, сәйкесінше жүктілік туралы анықтама берілмегені белгілі болды.
"Бұл іс бойынша ҚР ҚК-нің 385-бабының 1-бөлігімен (жалған құжаттарды жасау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сонымен қатар, сот қаулысымен әйел адамға 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жазалар тағайындалды. Сот қаулысы заңды күшіне енді", – делінген прокуратура хабарламасында.
Қазіргі уақытта жалған құжат дайындау жөнінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.