Жетісу облысында төртем дүниеге келген отбасыға үш бөлмелі пәтер сыйға тартылды. Сәбилерін Алматы қаласындағы Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында өмірге әкеліп, туған үйіне оралған жас ананы бүгін жерлестері салтанатпен қарсы алып, жаңа пәтердің кілтін тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өңір басшысының атынан ата-анасы мен сәбилерді облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтады.
Шенеуніктің айтуынша, отбасыға Сарыөзек ауылындағы жаңа көпқабатты үйдің екінші қабатынан үш бөлмелі пәтер берілген. Баспананың ішінде жайлы өмір сүруге қажетті барлық жағдай жасалған.
Кербұлақ ауданының Талдыбұлақ ауылында тұратын отбасында төртемнен бөлек үш баласы бар.
Төртемнің анасы Альмира Бекеева 31 жаста. Ол Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте педагог болып жұмыс істейді. Ал жұбайы Олжас Бекеев – жүк көлігінің жүргізушісі. Әсіресе, отбасына бірден төрт ұлдың қосылғанына әкесі ерекше қуанышты.
Жас ананың құрсағында бірден төрт сәбидің біткенін анықталған бойда пациент Алматыдағы Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында мамандардың бақылауына алынды. 24 қыркүйекте дәрігерлер операциялық жолмен босандырып, Арлан, Арсылан, Әлихан, Әмірхан есімді төрт ұл дүние есігін ашты.
– Ең алғаш құрсағымда төртем бар екенін УЗИ-ден білгенде, қатты қуандық. Әрине, оларды көтеріп жүру оңай болған жоқ. Балалар үшін іштей қорқыныш та, уайым да болды. Кесарь тілігі арқылы отыз апта алты күн дегенде ұлдарымыз дүниеге келді. Отаны ғылыми орталықтың директоры жасады. Балалар шала туғандықтан, алғашқы сәттен бастап дәрігерлердің қарауында болды. Қазір жақсы салмақ жинап, барлық қиындықтарды артқа тастап, үйге оралдық, – дейді жас ана.
Төртемнің атасы да қуанышын жасырған жоқ:
– Бұл – бізге құдайдың берген үлкен сыйы. Төртемнің өмірге келгеніне біздің отбасымыз ғана емес, бүкіл Жетісу қуанып жатыр. Өзім атасы ретінде керемет сезімде тұрмын. Алматыдан келінім мен немерелерімді құрметпен шығарып салып, ауылымыз да салтанатпен қарсы алып жатыр. Бізбен бірге қуанған барша жұртшылыққа рахмет айтамын, – деді Қайрат Бекеев.