Жетісу облысында жыл басынан бері жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен 9 487 жаяу жүргінші анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құқық бұзушылықтар Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы тіркелген.
Полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізушілермен қатар жаяу жүргіншілердің де тәртібін бақылауда.
Тәртіп сақшыларын әсіресе балаларға теріс үлгі көрсететін ересектердің әрекеті алаңдатады. Өйткені балалар көбіне үлкендердің іс-әрекетіне қарап бой түзейді.
Полицейлер жолды белгіленбеген жерден кесіп өту қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Мұндай әрекет жаяу жүргіншінің ғана емес, жол қозғалысының өзге де қатысушыларының өміріне қауіп төндіреді.
Осыған байланысты полиция тұрғындар мен өңір қонақтарын жол ережелерін сақтауға және көшені тек белгіленген орындардан кесіп өтуге шақырды.