Осы жылдың қаңтар айының соңына дейін "Үйтас" саяжайының 2 мыңнан астам тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізеді. Наурыз айында Қызыл тас және Қаратал саяжайының 6 мыңға жуық тұрғыны таза ауыз суға қол жеткізеді. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
"Қаладағы 8 шағын ауданға газ құбырын тарту жұмыстары 2022 жылдың қыркүйегінде басталған, осы жылдың наурыз айында аяқталады деп күтілуде. 16 көпқабатты тұрғын үй көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік алады. Биыл 2 нысан бойынша жобалау жұмыстары өз мәресіне жетпек, оның бірі қаланы газдандырудың негізгі жобасына енбеген желілер мен Мойнақ ауылындағы желілер құрылысы", - деп атап өтті Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев.
Ақпаратқа сәйкес, Қаратал, Қызылтас, Мерекелік, Балықты, Сарыбұлақ, Алмалы, Ащыбұлақ, 1-бөлім саяжай қауымдастықтарында газбен қамтылмаған 4 мыңға жуық тұрғын үй секторы бар. Бұл учаскелерге газ тарту бойынша жобалау жұмыстары биыл басталады деп жоспарланып отыр.
“Облыс орталығында 2023 жылы 85,2 км сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу жоспарланған. Биылғы жылдың 2-жартысында 141 көшеде ұзындығы 71 км су және кәріз желілерін салу жөніндегі жоба іске асырылады. Сондай-ақ, Ұлан әскери қалашығында, Жастар1/1 және Еркін ауылында желілерді салу және реконструкциялау қолға алынады”, - делінген жергілікті атқару органы таратқан ақпаратта.
Бұдан бөлек Ащыбұлақ саяжайында 700-ге жуық тұрғын таза сумен қамтамасыз етілді. Наурыз айында Қызыл тас және Қаратал саяжайының 6 мыңға жуық тұрғыны таза ауыз суға қол жеткізеді.