Бүгін таңертең Жетісу облысы Ескелді ауданында Алматы – Өскемен автожолының 302-шақырымында жүк көлігі өртенді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Көліктің жүк бөлігінде жалпы салмағы 22 тонна болатын пластик түйіршіктері болған. Өрт аумағы 30 шаршы метрді құрады.
"Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін жүк көлігі ашық жалынмен қарқынды жанған. Оқиға орнынан ең жақын өрт сөндіру бөлімі 40 шақырым қашықтықта орналасқандықтан, өрт сөндіру есептоптарының жетуіне қосымша уақыт қажет болды", – делінген хабарламада.
Оқиға орнына ТЖМ бөлімшелері мен "Ауыл құтқарушылары" еріктілері жетті. Бірлескен күш-жігердің арқасында өрт толықтай сөндірілді.
Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.