Жетісу облысының Қаратал ауданында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған Отбасын қолдау орталығының қызметкері сотталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қылмыс жасалған кезде ол тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсететін "Жанұя" Отбасын қолдау орталығында заңгер болып жұмыс істеген. Алайда өзі жұбайына қатысты заңға қайшы әрекет жасаған.
Қаратал аудандық сотында өткен процесте аудан прокуратурасының мемлекеттік айыптаушысы оның кінәсін толық дәлелдеді.
Сот үкімімен ер адамға 200 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді.
Прокуратура тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол берілмейтінін және мұндай әрекеттер үшін заңда жауапкершілік көзделгенін ескертті.