Жетісуда алимент төлемеген 100 ден астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды

320

9 айда Жетісу өңірінде 121 борышкер жұмысқа орналастырылды.

Жетісуда алимент төлемеген 100 ден астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды Фото: Министрлік

Бұл туралы ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев Жетісу өңірінің халқымен кездесуінде мәлімдеді. Министрдің сөзінше еліміз бойынша жыл басынан бері алимент төлемегені үшін 2000 нан астам борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

Оның 111-і Жетісу облысының тұрғындары. Борышкердің бір бөлігі материалдық жағдай бола тұра, алимент төлеуден жалтарса, енді бірі тұрақты табысы мен мүлкінің болмауына байланысты алимент төлей алмаған. 

Осыған байланысты аумақтық әділет басқармалары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда. Мәселен, осы жылдың 9 айында Жетісу өңірінде 121 борышкер жұмысқа орналастырылды. Алдағы уақытта бұл бағытта министрлік жұмысын жалғастыратын болады.

Кездесу барысында Әділет министрі Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру бойынша жұмысы туралы баяндады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Әділет министрлігі Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру туралы заң жобасының әзірленгенін атап өтті.

Тұрғындармен кездесу барысында құқықтық мәселелер талқыланып, азаматтардың жеке өтініштері мен ұсыныстары қаралды. Министр құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатындағы жұмыстар жалғасатынын айтты. Жиынға Жетісу өңірінің белсенді тұрғындары, журналистер, қоғам қайраткерлері қатысып, көкейлеріндегі сауалдарына жауап алды.

Сонымен қатар Әділет министрі азаматтарға жеке қабылдау өткізіп, мемлекеттік орган қызметіне қатысты өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.

Қабылдауға келушілер адвокаттар мен жеке сот орындаушылардың әрекеттеріне қатысты шағымдарын жеткізді. Өз кезегінде Әділет министрі шағымдарды тыңдап,  Салалық басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Сондай ақ, Әділет министрі Азамат Есқараев  Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевпен кездесіп, Әділет департаментіне қатысты бірқатар мәселелерді талқылады. Атап айтқанда облыстағы мәйітхана ғимаратын жөндеу жұмыстары, Әділет департаменті қызметіне қажетті материалдық базаны жаңғырту жұмыстары бойынша жоспарлармен бөлісті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу