Жетісу облысында азық-түлік дүкенінде газ-ауа қоспасы жарылып, 3 адам зардап шекті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға 15 ақпанда 18:45 шамасында Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылында орналасқан "Малика" азық-түлік дүкенінде болған.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға салдарынан сыртқы қабырға мен шатырдың бір бөлігі құлап, зақымдану аумағы шамамен 36 шаршы метрді құрады.
"Хабарлама түскеннен кейін үш минуттан соң, сағат 18:47-де оқиға орнына Департаменттің күштері мен құралдары жедел түрде жетті. Өрт сөндірушілер келген кезде жарылыс салдарынан нысанның сыртқы қабырғасы мен шатырының бір бөлігі опырылып түскені анықталды. Оқиға салдарынан үш адам зардап шекті. Олар жедел жәрдем бригадасының тексеруінен өтіп, әрі қарай тексерілу үшін орталық аудандық ауруханаға жеткізілді. Салдарын жою жұмыстарына Жетісу облысы ТЖД, жергілікті атқарушы органдардан шамамен 40 қызметкер және 8 техника бірлігі жұмылдырылды. Қазіргі уақытта құтқарушылар үйінділерді аршу жұмыстарын жүргізуде", – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Қарабұлақ ауданының әкімдігі оқиғаға байланысты кейбір мекенжайлар бойынша су беру уақытша тоқтатылатынын хабарлады. Су беру жұмыстары қажетті жұмыстар толық аяқталғаннан кейін қалпына келтірілетіні белгілі болды.